Іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты.
Сарыкөлдің орталық алаңында әкімдіктің қақ алдында ашық аспан астында өткен бүгінгі бос орындар жәрмеңкесіне келушілердің қарасы қалың болды.
Жәрмеңке бір терезе қағидаты бойынша өтті, онда өтініш беруші бос жұмыс орындарының бар-жоғын біліп қана қоймай, сол жерде барлық мәліметтер мен жұмыс жағдайларын нақтылай алады.
Жұртшылыққа бос жұмыс орындары ұсынылып қана қоймай, жұмыссыздықты жоюға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтер мен заң аясында кеңестер беріліп, аудан басшылығы жеке қабылдаулар өткізді.
Айталық, аудан әкімінің орынбасары Әлия Бекмағамбетоваға жүгінген жергілікті тұрғындар жеке үйлерін жөндеуге көмек сұрады. Ал, енді бірі жаздыгүні қатты дауылдан қираған шатырын қалпына келтірген. Соған өтемақы сұрап келді. Бірақ, бұл сауал бойынша аудан әкімдігіне келіп, өтініш беру керектігі айтылды. Сонымен қатар, қалған сұрақтар бойынша жауап беріліп, Сарыкөл кентінің әкімі Сергей Горшенин де көмек болатынын жеткізді.
– Бүгінде мемлекеттің басты мәселелерінің бірі жұмыссыздық деңгейін төмендету болып отыр. Әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты бір жолға қою күн тәртібінде тұр. Дегенмен бұл тұста мемлекет қол қусырып отырған жоқ. Халық арасындағы жұмыссыздықты азайту, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік жағдайды реттеу бағытында түрлі бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Біз де осы бағытта жұмыла жұмыс істеп жатырмыз, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Жанат Жиенбаев.
Жалпы, жәрмеңке барысында 20 жұмыс беруші қатысып, 100-ге жуық жұмыс орнын ұсынды. Олардың ішінде аудан әкімдігі, аумақтық басқармалар, ауыл шаруашылығы, денсаулық, білім беру мекемелері және тағы басқалары болды. Іс-шараға 200-ге жуық адам келді.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы