Сарыкөл ауданындағы бірнеше ауылда құрылыс жұмыстары қызады

Сарыкөл ауданындағы бірнеше ауылда құрылыс жұмыстары қызады

Ауыл ахуалын түзеуді алғы орынға қою, шалғайдағы жұрттың өмір сапасын жақсарту, тұрмысын тұрақтандыру – мемлекет назарда ұстап отырған міндет. Қадамды жеделдете түсу үшін түрлі бағдарлама іске қосылып, қилы жобаның тұсауы кесілді. “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі” қағидасын жіті ұғатын жергілікті кәсіпкерлердің де демеуі көп. Сарыкөл ауданы да бұл тұрғыдан нәтижесіз емес.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған “Ауыл аманаты” бағдарламасының елдің әр түкпірінде жемісті іске асып жатқаны мәлім. Жобаның басты игілігі – ауыл тұрғындарының ойға алған кәсібін, бизнес-жобаларын қолдап-қуаттайтынында. Ақжолтай бағдарлама ұсынатын мүмкіндіктен Сарыкөл ауданының азаматтары да шет қалып жатқан жоқ.

Соңғы мәліметке сүйенсек, ауданда “Ауыл аманатынан” демеу қаржы алуға 27 тұрғын ниет білдірген. Барлық өтінімнің басын құрағандағы жалпы сома 173 млн теңгеге жетіп-жығылады. Бұлардың ішінде тоғыз жоба әлден-ақ комиссия қарауына түсіпті. Өтінім берушілердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы жануарларын өсіргісі келеді. Бірақ ауданда шешімін таппай отырған күрделі мәселе бар.

“Кейбір елді мекенде мал шаруашылығын өрістетуге жайылым жетіспейді, мал бағар жер жоқ. Осыған байланысты, бағдарламаға қатысушыларды бизнестің басқа түрлерін жандандыруға бағыттап, үгіттеп жатырмыз. Мәселен, қайта өңдеу өнімдерін шығару, халыққа қызмет көрсету секілді сан түрлі саладағы жобалардың да болашағы бар”, – дейді аудан әкімі Амантай Балғарин.

Жалпы алғанда, аудан басшысының айтуынша, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жоспарларының “адымын аштырмайтын” өзекті мәселелерді шешуге барынша күш салынып жатыр. Бүгінде ауыл жұртының өмір сапасын жақсартуға, елді мекендерді аяқтан нық тұрғызуға ерекше екпін салынып отыр. Айталық, биыл әкімдік ауылдарда алуан түрлі жобаны іске асыру үшін жергілікті кәсіпкерлермен 350 млн теңгеге 570 меморандум жасасқан. Осылайша, аудан әкімдігі мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінетін кәсіпкерлер екі жыл мерзім ішінде түйткілдер түйіншегін бірлесе шешпек.

“Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ауылдық жерлерде тұрғын үй қорын ұғайту мақсатымен, жергілікті кәсіпкерлердің қаржысына үй салынып, баспана сатып алынады. Мәселен, биыл Тимирязев ауылында “Аникин”, “Өтемісов” шаруа қожалықтары 60 млн теңгеге үш тұрғын үй салады. Комсомольский ауылында «КазПроИнвест» ЖШС екі пәтерлі екі үй және хоккей кортының құрылысын бастайды. Серіктестік бұл нысандарға 42 млн теңге жұмсамақ”, – дейді аудан әкімі.

Мұның сыртында, Тагил ауылында және Сарыкөл кентінде жергілікті ЖШС мен ШҚ кәсіпорын жұмысшыларына арнап жаңа тұрғын үй құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Қысқасы, биыл ауданда 2 060 шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұдан бөлек, ауылдарды абаттандыруға мемлекет қазынасынан 857 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы  көшелерді жарықтандыру, ауылішілік қоршаулар орнату, спорт және балалар алаңын, хоккей корттарын салу істеріне шығындалмақ.

Ж.Жүсіпбек

Фото: inbusiness.kz

Жаңалықтармен бөлісу