«Матай Агро» ЖШС 2015 жылы құрылған. Шаруашылық Бейімбет Майлин ауданының Павлов ауылдық округінде орналасқан.
Бүгінде бізде 40 адам еңбек етеді, барлығы – Павловка, Апановка, Евгеновка ауылдарының тұрғындары. Қолданыста 20-дан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар, соның ішінде 8 трактор, 4 астық жинайтын комбайн, 4 трактор тіркемесі бар. Соңғы үш жылда 476 миллион теңгеге 16 жаңа техника сатып алдық, техника паркін жаңарту деңгейі жыл сайын 6–10 пайызды құрайды. Шаруашылықта мехток, дайын өнім сақтайтын қоймалар, жанар-жағармайға арналған сыйымдылықтар, мал бордақылайтын база бар. Қызметкерлердің орташа айлық еңбекақысы 285 мың теңгені құрайды, жыл сайын инфляцияны ескеріп 15–20 пайызға индекстейміз.
Біздің шаруашылық өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығын қатар дамытып келеді. Жалпы жер көлемі 7 900 гектар, оның ішінде егістік – 5 900 гектар, жайылым – 2 000 гектар. Биылғы егіс көлемі 4 900 гектарды құрады: 3 700 гектарға дәнді дақылдар, 200 гектарға қарақұмық, 1 000 гектарға мал азығы дақылдары егілді, ал 1 000 гектарға пар айдалды.
Биылғы ауа райы қолайлы болды. Әсіресе көктеу және масақтану кезеңінде жеткілікті жауын-шашын түсті. Мамыр айының ортасынан тамыздың басына дейін орта есеппен 130 мм ылғал түсуі егістің биологиялық өнімділігін айтарлықтай арттырды. Ылғалы мол жаз бізге өз қажеттілігімізге де, сондай-ақ шаруашылық қызметкерлері мен ауыл тұрғындарына да жетерлік көлемде шөп дайындауға мүмкіндік берді.
Облыс әкімі Құмар Іргебайұлының бастамасымен сүт фермаларын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Біз де алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың тәжірибесін негізге алып, 800 басқа арналған заманауи сүт-тауарлық ферма салуды қолға алдық. Бұл жоба «Тобыл» ӘКК арқылы 4 млрд теңгеге қаржыландырылмақ.
Жақсы өнім алу үшін топырақ құнарлылығын арттыру маңызды. Сондықтан соңғы жылдары минералды тыңайтқыштарды енгізуге баса назар аударып келеміз. 2023 жылы «ҚазАзот» ЖШС зауытынан 260 тонна аммиак селитрасын, 2024 жылы 500 тонна тыңайтқышты пайдаландық. Биылғы егіске 260 тонна аммофос енгіздік, ал пар жерлерге келесі жылға тағы 260 тонна енгізу жоспарда бар. Бұл бағыттағы жұмысты мемлекет белсенді түрде қолдап отыр. Тыңайтқыш құнының 60 пайызына дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы аванстық төлем жасайды, біз қалғанын төлейміз.
Бұл бағдарлама шаруашылықтардың тыңайтқыш сатып алу ынтасын арттырып, егіс сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Бүгінде шаруашылық орақ науқанына толық дайын. Техника жөндеуден өтті, қоймалар тазартылып, дезинфекцияланды. «ГосАгро» жүйесі арқылы бізге 10,5 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. ЖЖМ бойынша «Адал Ойл» ЖШС-мен келісіміміз бар, олармен көп жылдан бері әріптестік орнатқанбыз.
Сөз соңында Мемлекет басшысына ауыл шаруашылығын қолдағаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Салаға жыл сайын көбірек көңіл бөлініп келеді: «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдетілген несиелер, «Продкорпорация» арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу, «ҚазАгроҚаржы» арқылы техника лизингінің қолжетімділігі, субсидиялау көлемінің артуы – осының бәрі бізді дамуға ынталандырады. Біз өз тарапымыздан биылғы өнімді уақытылы жинап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін бар күшімізді саламыз.
Руслан Кенжебаев,
«Матай Агро» ЖШС директоры
