Рудныйда бүгіннен бастап әлеуметтік нысандарға, ал тұрғын үйлерге 3-інен жылу беру жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен брифингте “Рудный жылу желілері” ЖШС басшысы Олег Абылкаиров айтып берді.
“Алғашқы әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеміз. Балабақша, мектеп, аурухана мен өзге де нысандарға жылу беріле бастайды. Ал тұрғын үйлерге қазан айының 3-нен бастап беріледі. Алайда, белгіленген стандартқа сәйкес, тұрғын үйлерге жылу беру үшін ауаның орташа тәуліктік температурасы үш күн бойы 10 градус немесе одан төмен болуы керек”, – деді серіктестік басшысы.
Сондай-ақ, Олег Абылкаиров жылу компаниясына берешек қалалықтарға үндеу жолдады. Бүгінде халықтың қаразы 280 млн теңгеге жеткен. Кәсіпорын сот орындаушылары арқылы өндіріп алу жұмысын жүргізіп жатқанын айтты.
“Тұрғындарға жағдайды ушықтырмай төлеуге кеңес береміз. Егер сіздің үйіңізге сот орындаушысы келетін болса, борышкер қарыз сомасымен бірге сот орындаушысына 25 пайыз үстеме төлеуге міндеттеледі”, – деді кәсіпорын басшысы.
Қалада алты шақырымнан астам магистралдық желі жаңартылған. Мұның сыртында 12 шақырымнан астам аула ішілік желілерді жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 4-5-ші аулалардың желісі ауыстырылған.
“Магистральдық желілерді жаңарту жұмысы 9 қыркүйекте аяқталды. Оныншы қыркүйекте гидравликалық сынақ жүргізілді. Кварталішілік желілерден 20 ақау анықталып, қазір апат орында жұмыс атқарылып жатыр. Магистральдық желілерді жөндеу арқылы тозу деңгейін 30 пайызға дейін түсірдік. Ал кварталішілік желілердің тозуы жоғары болып тұр, 66 пайыз. Атқарылатын жұмыстар бар, желілерді жаңғырту жұмысы жалғасады. Тозу деңгейін әлі де төмендетеміз. Жалпы алғанда жылу маусымына дайынбыз”, – деді ол.
Жылыту маусымына дайындық құжатын барлық тұрғын үйлер алған. Ал иесіз үйлерге уақытша қызмет көрсету үшін байқау жарияланбақ. Қалада мұндай 83 тұрғын үй бар.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген автор