Қостанайдағы ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Ата Заң — Тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шарасы өтті. Бұл жиын елдің негізгі құжатының мерейтойына орай ұйымдастырылған маңызды басқосу болды.
Академия бастығы, полиция генерал-майоры Ақынқали Дәуітбайұлы Дәрменов іс-шараның мәні мен маңызына ерекше тоқталып өтті.
«Академия қабырғасында сот билігінің өкілдері қатысқан көшпелі сараптамалық кездесудің өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл жиын Конституцияның 30 жылдығы қарсаңында өтіп отырғаны да айрықша маңызға ие. Кәсіби білім беру мен сот тәжірибесінің арасындағы байланысты нығайту болашақ құқық қорғау органдары қызметкерлерін даярлауда үлкен рөл атқарады деп сенемін. Осындай ынтымақтастық еліміздегі сот төрелігі жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – деді генерал-майор.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы С.Ф. Ударцев, Конституциялық Сот аппаратының талдаушысы А.С. Умаров, Бас прокуратураның Норма шығармашылық қызметін үйлестіру департаментінің бастығы А.Т. Маутова, сондай-ақ Қостанай облысының «Заңгер» консультанттар палатасының тәртіптік комиссия мүшесі Ж.Н. Байбазаров қатысты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері, Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндіктері және прокуратура органдарының Конституцияны қорғаудағы рөлі сынды маңызды тақырыптар талқыланды. Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, сұрақ-жауап форматында өздерін толғандырған мәселелер бойынша түсініктемелер алды. Академия тыңдаушылары үшін де кәсіби білімді тереңдетіп, құқықтық мәдениетті арттыруға серпін беретін маңызды алаңға айналды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді ұсынған – ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы
Қостанай академиясының баспасөз қызметі