Құмар Ақсақалов: “Тұрғын үй құрылысы кешенді түрде жүргізілуі керек”

Құмар Ақсақалов: “Тұрғын үй құрылысы кешенді түрде жүргізілуі керек”

Облыста биылдың өзінде 500 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Осы жылдың 5 айындағы қорытынды көрсеткішіне сүйенсек 1,4 мың пәтер пайдалануға берілген. Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиында Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов айтып берді.

Тұрғын үй саласына 29,3 млрд теңге бөлінген. Баспананың дені Қостанай қаласында бой көтереді.

– Бөлінген 1,4 млрд теңгеге төрт жалға берілетін пәтер салынады. Бұл ретте Қостанай қаласында 30 үйдің және Рудный қаласында 2 үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, Қонай, Береке және Астана, Бәйтерек шағын аудандарында инженерлік инфрақұрылым жүргзігу үшін 12 млрд теңге бөлінді, – деді Б.Таңжарықов.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов шағын аудандарда жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлермен қатар халыққа қажетті қосымша нысандар да болуы керек екенін айтты.

– Тұрғын үй құрылысы кешенді түрде жүру керек. Яғни, тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандар да қоса салынуы шарт. Жаңа шағын аудандарда балабақша жетіспейді, саябақтар жоқтың қасы. Сауда орындарының да құрылысын қарау керек. Балалар ойын алаңы өз алдына. Халыққа қажеттінің барлығы болуы керек, нықтап тапсырамын, – деді Құмар Ақсақалов.

Басқарма басшысы Қостанай ауданында Астана, Бәйтерек жаңа шағын аудандарындағы құрылыс барысына тоқталды. Екі ауданның көлемі 76 гектар. Осы учаскеде шамамен 1 млн шаршы метр құрғын үй салу көзделген.

– Бірінші кезекте 342 мың шаршы метрге үй салынады. 2021 жылы инеенерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу жобалары басталған. Қазір шағын ауданды тік жоспарлау жұмысы ғана аяқталды. Газ қазандығын салу, кәріз және сумен жабдықтау желілерін тарту жұмысы жүргізілуде, – деді Берік Таңжарықов.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 1,6 млрд теңге бөлінген. Қазір 23 пәтер сатып алынды. Ол Алтынсарин ауданында – 2 пәтер, Әулиекөлде – 7, Жітіқарада – 6, Меңдіқара ауданында – 8. Қалған аудандар конкурстық рәсімді енді өткізеді.

– Ауылдық елді мекендегі тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы шеңберінде жалға берілетін үй салу үшін шығындарын субсидиялау бағдарламасы әзірленді. Бағдарламаны осы жылдың маусым айы ішінде бастап кетуді көздеп отырмыз, – деді Б.Таңдарықов.

Бағдарлама негізгі шарты жұмыс беруші жалпы көлемі 75-100 шаршы метр, 1 шаршы метр құны 100 мың теңгеден аспайтын үй салуы қажет. Кеткен шығынның тең жартысы субсидияланады. 5 жылдық мерзімге шарт арқылы қызметкерге беріледі. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді бағдарлама қатысуға шақырды.

– Аудан әкімдері 50/50 бағдарламасына ауыл шаруашылық тауар өндірушілерді тарту керек. Бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы саласында қызмет істеп жүрген көп адамның баспана мәселесін шеуге көмектеседі. Өтінімдерді қабылдауды қазірден бастау керек. Біз субсидиялау үшін қанша қаржы қажет екенін шамалап отырайық. Министрлікпен бірігіп жобаны жүзеге асыруды қолға алыңыздар, – деді Қ.Ақсақалов.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу