Құмар Ақсақалов: “Біздің міндетіміз – жылу желілерінің тозуын азайту”

Құмар Ақсақалов: “Біздің міндетіміз – жылу желілерінің тозуын азайту”

Облыста жылу жүйелерінің 67,5%-і көнерген. Өткен жылы  ірі жылу көздеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,3 млрд теңге бөлінді. Мәселен,  Арқалық жылу-энергетикалық орталығында алты бу, төрт су жылыту қазандығы, екі  турбоагрегатқа күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл туралы облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бастығы Дәурен Асқаров мәлімдеді.

Айтуынша, ақпан айында республикалық бюджетті нақтылауға ҚР Энергетика министрлігіне тағы алты  жобаға жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілген. Ал инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жылу көздерінде негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеуге 1,3 млрд теңге көзделген. Бұл жобалар жылу көздерінің тозуын 67,5-тен 66,5% – ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Облыста жылу желілерінің жалпы ұзындығы 743,6 шақырымға тең.  Олардың 47,4%-і әбден тозған.  Былтыр қазынадан 13,7 млрд теңге бөлініп,  21,5 шақырымдық жылумен жабдықтау желілері қайта жаңартылды.

“Жылу желілері  Қостанайда 63,1%, Рудныйда 66,1%, Арқалықта 68%, Жітіқарада 70%-ке  ескірген. Бұл  облыстық орташа көрсеткіштен жоғары екенін атап өткен жөн. Технологиялық бұзушылықтардың көпшілігі жоғарыда аталған қалаларға тиесілі. Бір ғана биылғы жылыту маусымында өңірде осындай 412 факт тіркелді. Аудандар арасында Денисовте 84,7%, Меңдіқарада 80%, Қарасуда 75%, Федоровта 66%, Қостанай ауданында 62%, Ұзынкөлде 55%, Аманкелдіде 51% және Б.Майлин ауданында 67% жылу желілерның тозығы жеткен”, – дейді басқарма бастығы.

Осындай олқылықты жою үшін биыл  облыстың энергетика және ТКШ саласына 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені мәлім болды. Қаражат тек қана жылу жүйелерін жөндеуге емес, сумен жабдықтауды, жарықтандыруды, газдандыруды, абаттандыруды және т. б. қалпына келтіруге және жөндеуге жұмсалмақ. Өңір басшысының айтуынша, өткен жылдан бері облысты жылумен жабдықтауды қаржыландыру 8,2 млрд теңгеге ұлғайтылған. Сондай-ақ, 15 жобаны іске асыру үшін  республикалық бюджеттен 13,7 млрд теңгеге  қосымша бюджеттік өтінім жолданды, 20 шақырымдық  жылу желілерін қайта жаңарту жоспарланған.

Қостанайдағы “Әуежай” шағын ауданының бір  шақырымдық  желісін ауыстыру жұмыстары өткен жылы аяқталды. Бүгінгі таңда қалған 2,3 шақырымды ауыстыру үшін жобалық-құндық құжаттары әзірленіп жатыр. Биыл бұл жұмыстар аяқталады. Қазандықтарды әлеуметтік нысандардан шығару жұмыстары жалғасады. Жоспарға сәйкес, үстіміздегі жылы  22 нысанда қазандықтарды шығару жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыс технологиялық бұзушылықтар санын азайтуға мүмкіндік берді. Мәселен, биыл жылыту маусымында өткен кезеңге қарағанда 60% – ке аз бұзушылықтар тіркелді.

“Біздің міндетіміз – 2024 жылдың аяғына дейін  жылу желілерінің тозуын 45,9% -ке дейін төмендету. Жалпы, жылумен жабдықтау желілерін жөндеу және реконструкциялауға қатысты жоспарлы жұмыс 2029 жылға дейін Президенттің тозуды 40% – ке дейін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Биыл  шамамен 19,0 млрд теңгеге  сумен жабдықтау және су бұруға қатысты  59 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұдан басқа, республикалық бюджетті нақтылауға қосымша 20,6 млрд теңгеге бағаланған  48 жоба мәлімделді. Нәтижесінде, ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті 90% – ке дейін жеткізілмек. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысынан Қостанай қаласына магистральдық газ құбырын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу  жұмыстары  басталды. Ел Президентінің Катарға сапары кезінде жасалған келісім-шарт негізінде бұл жобаны сол елдің компаниясы қаржыландыратын болды. Елді мекендерді газдандырудан басқа, газдың қосымша көлемі ыстық брикеттелген темір өндіру зауытын, сондай-ақ,  болат балқыту зауытын салу сияқты ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Бір жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, бюджетке жыл сайын 60 млрд теңге салық төленбек.

“Сондай-ақ, ауылдық жерлерді газдандыру мақсатында, газ құбырының құрылысымен қатар, біз жобалық-құндық құжаттарын  әзірлейтін боламыз. Ол  аяқталғаннан кейін облыстың елді мекендерін газға тікелей қосуға кірісеміз”, –  деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

 

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу