Парламент депутаттары 30 маусымнан 1 қыркүйекке дейін демалыста болады. Алайда халық қалаулылары демалыстарының бір айын қалыптасқан үрдіс бойынша аймақтарды аралап, халықпен жүздесулер өткізеді. Өңірлерді аралау бағдарламасы аясында Respublica партиясынан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров аймаққа іссапармен келді.
Сапар барысында депутат облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Осы саладағы түйіткілді мәселелер мен отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау тетіктерін талқылады. Партия биыл сәуір айында Үкімет алдында қазақстандық аграршыларды астық пен сүт өнімдерін шетелдік жеткізушілердің заңсыз импорты мен демпингінен қорғау шараларын қабылдау жөнінде мәселе көтерген. Айдарбек Қожаназаров шикізат импорты мен демпингтік бағалар ішкі нарыққа қысым жасайтынын, салдарынан отандық астық өндірушілер мен сүт өнімдерін қайта өңдеушілер шығынға ұшырап жатқанын айтады.
– Шілденің алғашқы онкүндігі өтіп кетті әлі жаңбыр жаумады. Биылғы егіннің бітік шығатынына үміттен күдік басым. Былтырғы көрсеткішке қол жеткізе алмаймыз ба деп қорқамын. Бидайдың бағасы да шарықтайды деп болжау қиын. Өйткені, Ресейде артық бидай 60 млн тоннадан асып жығылады. Жан-жақтан санкция болғандықтан бидайды олар Орта Азия елдеріне өткізуді көздейді. Заңсыз астық импорты қысады. Сәуір айына дейін сыртан әкелінген жағдайлар болған. 1,5 млн тоннаның жартысынан көбісі жүк көлігімен тасымалданған. Қазір қазан айына дейін сырттан астық өнімін әкелуге шектеу қойылды. Парламент жұмысын қайта бастаған тұста осы уақытты ұзарту жөнінде мәселе көтермекшімін. Салдары біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тиеді, – дейді Айдарбек Қожаназаров.
Кейбір шаруа қожалығы иелері сыртан келген бидайға заңсыз жолмен «отандық» деп таңба соғып отырған. Ақырында баға құлдырып, өздері зардап шекті. Сәуір айында қойылған шектеуден кейін баға да тұрақтаған.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты киіктер мен шегірткелердің егін алқабына келтірген залалы туралы да сөз етті.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмысты тиянақты жүргізгенде осындай жағдай болмайтын еді. Науырзым ауданына қарасты Буревестник шаруа қожалығында болдым. Шаруаның егіс алқабының 90 пайызына шегіртке зақым келтірген. Зардап шегіп отырған тек бұл жалғыз шаруа емес. Ауыл шаруашылығы министрі сол жаққа баруы керек еді. Астанадан Қостанайға арнайы ұшып келіп, Қостанай ауданына қарасты Садчиков ауылына барған. Не үшін шаруа қожалығы иесі зардап шегуі керек? Киіктерге де қатысты өз айтарым бар. Жыл санап көбейіп келеді. Бұл мәселе өзге облыстарда да өзекті. Ауыл шаруашылығы және Экология министрлігіне бірқатар ұсыныстармен шыққалы отырмыз. Алғашқы ұсыныс – киіктердің жайылатын жеріне жақын орналасқан шаруа қожалықтарына қаржы төлеп, олардың жем-шөбін дайындап беру туралы. Екінші ұсыныс – сумен қамтамсыз ету. Сол себепті бірқатар аумаққа киіктерге арналған қазаншұңқырлар қазып беру. Үшінші – қасқыр атуға мораторий жариялау. Аңшылардың бәрі бірдей емес. Қасқыр азайғандықтан, киік көбейіп, табиғат теңсіздігін жоғалтып алды, – деп есептейді Айдарбек Қожаназаров.
Сералы МЫРЗАБАЙ