Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8А сынып оқушысы Қанапин Дархан жас музыканттар арасындағы республикалық фестиваль-байқауының облыстық кезеңінде Гран-при иегері атанды.
Бұл байқауға 30-дан астам дарынды жас орындаушы қатысты, бірақ Дарханның орындауындағы “Шалқыма”, “Көкалат” және “Сән қосбасар” күйлері көрермендер мен қазылар алқасын таңқалдырып, оның өнерін жоғары бағалауға себеп болды. Дарханның домбырада шебер орындауы және музыкалық тереңдігі байқауда ерекше назар аударылды.
Дарханның музыканттық жолы 4 жасынан басталды. Осы уақыт ішінде ол көптеген республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленді. Оның еңбегі мен таланты талай рет жоғары бағаланып, дарынды музыкант ретінде танылды.
Ал жақында Дархан халық аспаптарында орындаушылардың республикалық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл тағы да оның музыкалық әлемдегі жетістіктерінің жарқын дәлелі.
Дарханның өнері – оның қажырлы еңбегі мен табандылығының жемісі. Ол өзінің ұмтылысы мен таланты арқылы жаңа биіктерді бағындыруда.