Бүгін қостанайлықтар Алғыс айту күнін ерекше қошеметпен қарсы алды. Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері мен әртүрлі сала басшыларының басқасуында жиналған қауымды облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали мерекелерімен құттықтады.
“Көктемнің алғашқы күні Алғыс айту күні қалай келгенін өздеріңіз білесіздер. Бұл шешім Қазақстан халқының ассамблеясының құрылу күнімен тұспа-тұс қабылданды. Бір тудың астында тіршілік етіп келе жатқан барша еліміз біріне-бірі алғыс айтып жүрсін деген идеядан пайда болды”, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.
Осы өңірде жиырма бес жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Эргешвой Холметов те бұл идеяның жүзеге асқанына дән риза.
“Ата-бабамыз осы елде әуелден қоныс еткен. Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында Бостандық деген аудан болды. 1954 жылдары сол жерде ата-анамыз тату-тәтті ғұмыр кешіп, ол жақ Өзбекстанға өтіп кетті. Кейін Сарығаштың маңайын мекен еттік. Өзім Қостанай жеріне келгеніме жиырма бес жылдан асты. Балаларым да, немерелерім де қазақша сөйлейді. Қазақ халқына алғысым шексіз”, – дейді Эргешвой Холметов.
Жиын осылайша, еркін диалог-сұқбат форматында өтті. Өзара алғыстарын жаудырды.
Кеште жүрегі кең, белсенді азаматтық ұстанымы бар адамдар, әр түрлі саладағы кәсіпқой спикерлер мен жүргізушілер арасындағы сұхбат қызыққа толы болды.
Мәселен, 20 жылдан астам уақыт бойы қан тапсырып, адамдарға өз көмегін көрсетіп келе жатқан донорға, ұзақ уақыт бойы жұма сайын нан таратып жүрген отбасына және басқа да жылы жүректі жандарға құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ, іс-шара аясында өңіріміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының дамуына зор үлес қосқан адамдар қоғамдық наградалармен марапатталды.
Өңіріміздің өнерпаздары мың бұрала би билеп, ән-жырдан шашу шашты.
Бұл туралы толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев