Қостанай өңірлік коалиция мүшелері кітапхана саласының өкілдерімен кездесу өткізіп, Конституция жобасында қарастырылған өзгерістер мен оның қоғам дамуына ықпалы туралы пікір алмасты.
Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері Қалқаман Жақып, Қадырғали Жаманбалин және Злиха Жылқыбаева қатысып, Л. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлерімен сұхбат құрды. Жиын барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасында қарастырылған бастамаларға тоқталып, оның ел азаматтарының зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылардың айтуынша, құжатта білім мен ғылымды дамытуға, инновациялық бастамаларды қолдауға ерекше мән берілген. Бұл өз білімін жетілдіріп, белгілі бір салада жетістікке жетуді көздейтін жастар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Сонымен қатар жиын барысында қоғамда білім мен мәдениеттің дамуына кітапханалардың қосатын үлесі ерекше екені айтылды. Сауатты әрі жан-жақты ұрпақ тәрбиелеуде кітапхананың орны әрдайым маңызды болып қала беретініне назар аударылды.
Кітапхана қызметкерлері өз кезегінде әлем елдеріндегі заң жүйесіне қатысты қызықты әрі маңызды деректермен бөлісіп, түрлі мемлекеттердегі құқықтық мәдениеттің қалыптасу ерекшеліктері туралы әңгімеледі.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыру мен азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.
