Қостанайда алдағы көктемге әзірлік шаралары қолға алынып жатыр

Қостанайда алдағы көктемге әзірлік шаралары қолға алынып жатыр

Қостанай – 2 ауданының тұрғындары үйлерінің айналасынан жерасты суы шығатынын айтып, жыл сайын шағым жасап келген. Енді ол маңға бұрынғыдай үлкен көлемде су жиналмайтын болды. Себебі, солтүстік батыс ауданы арқылы өтетін магистральды арық салынып жатыр.

“Бұл арық Белинский көшесінен басталып, осы ауданды толық аралап өтеді. Бұрын жиналып тұрған су осы жолмен ағып кетеді”, – деп түсіндірді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.

Биыл бюджеттен осы жұмыстарға 422 млн теңге бөлінгенін айтты.

“Әр тұрғын мүмкіндігіне қарай іргеден шыққан жерасты суын шағын су сорғының көмегімен осы магистральға жіберулеріне болады. Бұрын амалсыздан көшенің ортасына жайып жіберуге мәжбүр болғандықтан, су айналып маңайындағы жер үйлерге қайта баратын. Бұдан былай жерасты сулары арықтың бойымен ғана жиналып ағып кетеді”, – деді әкім.

Солтүстік батыс ауданы арқылы Назарбаев мектебіне қарай өтетін арна да кеңейтілді. Жаңадан салынған арықтың көмегімен жаңбырдан кейін де судың жиналуы қазір сап тыйылды. Орталық құбыр достық көшесінен өтеді. Мұнда кеңес кезінен сазды аумаққа салынған елді мекен орын тепкен.

“Келер жылы осы жұмыстарды жаңадан қаржыландыратын болды. Әзірге коллектор қойылды. Сол арқылы бұл жердегі су біршама тартылып жатыр”, – дейді құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан “Қостанай су” коммуналдық кәсіпорынының директоры Қазбек Шалабаев.

Арық Белинский мен Повстанческий көшелерінің қиылысынан басталады. Өйткені жайылған қарғынды өрге қарай жіберу онша қауіп төндірмейді деп түсіндіреді мамандар. Құрылыс жұмыстары қарашаға дейін аяқталады деп жоспарланған.

Әзірге 1,5 шақырым арық қазу қалып отыр. Атқарылған шаруаның ең ауқымды жері осы Повстанческий көшесінің тұсы. Белинский көшесінен Повстанческий арқылы Дөненбаева, Назарбаев көшелеріне дейін қазылған. Бұл жердегі жұмыстар жақында аяқталмақ.

“Ең қауіпті деген жерлерін істеп болдық. Келер жылы осы арық өткен көшелердің асфальты қалпына келтіріледі”, – дейді “Қостанай су” коммуналдық кәсіпорыны директорының орынбасары Әнуар Есқатов.

Жалпы қаладағы жолдың ұзындығы бес жүз шақырым шамасында десек, қазіргі таңда осы әр бағыттың бойында 93 шақырым арық қазылған. Биыл жоспар бойынша қолға алынып келе жатқан 5,5 шақырымның 4 шақырымнан астамы орындалып отыр. Жаңадан бой көтерген Береке ауданында Алтын арман шағын ауданы арқылы Юбилейный шағын ауданына дейін алдын ала қазылып қойылды.

Осы жерде айта кететіні, бұл жұмыстарға кейбір жер иелері қарсылық танытып жатыр. Мәселен, сондай кәсіп иесінің бірі осыдан жиырма жыл бұрын қазіргі “Тобыл арена” кешеніне қарсы беттен ағаш өңдейтін өндіріс орнын ашқан. “Қостанай су” кәсіпорыны жүргізіп жатқан әлгі арық Дөненбаева көшесі арқылы осы аумақты басып өтуі қажет. Техникалық мамандардың сараптауынша, аталған нысан ойда орналасқандықтан бұл арықтың қазылғаны жер иесін де қауіптен құтқармақ.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу