Қостанай ауданында Дархан Базарбаев атындағы «Жас сақшы» кабинеті ашылды

Қостанай ауданында Дархан Базарбаев атындағы «Жас сақшы» кабинеті ашылды

Қостанай ауданының №1 Заречный жалпы білім беретін мектебінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Дархан Базарбаевтың есімімен аталатын «Жас сақшы» кабинетінің салтанатты ашылуы өтті.

Жаңа кабинет жастарды заң және патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында Қостанай облысының Полиция департаменті бастамасымен ашылды.

Іс-шараның ресми бөлімі басталар алдында мектеп фойесінде полиция атрибуттарының көрмесі ұйымдастырылды. Оқушылар криминалистикалық жабдықтармен танысып, арнайы құралдарды және полиция формасын киіп, қолдарына қару ұстап көрді. Балалар құқық қорғау органдарының жұмыс барысына еніп, көрмені қызығушылықпен зерттеді.

Мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ерасыл Казыбаев өскелең ұрпақты парасаттылық пен патриотизм рухында тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

«Бұл кабинеттің ашылуы — қаза тапқан полицейді еске алу ғана емес, сонымен қатар оқушыларға жерлестеріміздің ерліктері туралы көбірек білуге және олардан үлгі алуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Ресми іс-шараға Дархан Базарбаевтың ата-анасы, сондай-ақ оның жұбайы мен бес жасар ұлы қатысты. Қатысушыларға полицей қызметкерінің өмірі мен қызметі туралы фильм көрсетіліп, көпшілік көз жасына ерік берді. Бұдан соң жиылған қауым Дарханды бір минут үнсіздікпен еске алды.

15 оқушының «Жас сақшы» жасағына кіруі ерекше сәт болды. Жастар мектеп қабырғасында да, одан тыс жерлерде де тәртіпті сақтауға уәде беріп, ант қабылдады. Олардың әрқайсысы жасақ мүшесінің куәлігін алды. Жаңа мүшелердің бірі 10-сынып оқушысы – Алмас Сағынай. Ол Дархан Базарбаев туралы фильмді көргенге дейін ол туралы білмегенін айтты.

Бұдан соң Дарханның фотосуреттері мен оның отбасы ұсынған жеке заттары бар стенд орналасқан жаңа кабинеттің ашылу рәсімі өтті. Полицейдің әйелі Мөлдір мен ұлы Әлисұлтан стендке жақындаған сәт ерекше назар аудартты. Дарханның анасы Зәмзәгүл Қалиева Құрмет кітабына мектепке және жас полиция көмекшілеріне деген тілегін жазды. Марқұмның әкесі Серік Қалиев ұлын елеп-ескергені үшін алғысын білдірді.

«Менің ұлымның есімі мәңгі есте қалатынына шын жүректен қуаныштымын», — деді ол.

Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Меңдібаев қаза тапқан әріптестерінің құрметіне ашылған төртінші кабинет екенін айтты. Өткен жылы Дархан Базарбаевты еске алуға арналған осындай кабинет Тобыл қаласында ашылған еді.

Естеріңізге сала кетейік, жас сержант 2020 жылдың 19 қаңтарында отбасыны қарулы қылмыскерден қорғау кезінде мерт болды. Көрсеткен ерлігі үшін ол қаза тапқаннан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Жаңалықтармен бөлісу