Қорық пен көрік

Қорық пен көрік

Қазақтың сырға тұнған сайын даласында көз сүйсінтер көрікті мекен жетерлік. Сұлтанмахмұтша тәпсірселесек, о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр атырапта “Біздерде мынадай бар, мынадай бар” деп ұялмай көрсететін небір жауһар көп. Солардың бірі – Науырзым қорығы. Ұлттың байлығы, мақтанышы.

Аспан астындағы ашық музей бұл. Тоқсан жылдан астам тарихы бар табиғи қорық ЮНЕСКО тізіміне енген. Яғни, құйқалы өңірді қорғауға халықаралық мән беріліп отыр. Қорық қызметкерлерінің негізгі міндеті – далалық аумақтың бірегей табиғи кешендерін, флорасын және фаунасын табиғи қалпында сақтап қалу.

 Науырзым қорығы 1931 жылы ашылды. Арада жиырма жыл өткенде қорық жабылып, оның базасында орман шаруашылығы құрылды. Тек, 1966 жылы ғана Науырзым қорығының жұмысын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда оның аумағы 191 мың 400 гектар жерді алып жатыр. Табиғи кешенде 300-ден астам ірі көл бар. Қорықтың басты қазынасы – қарағайлы ормандары. Мұнда бүршікбас, қос ұялы қалақай, кәдімгі құлмақ, қызыл қайың, жебір, кәдімгі мойыл және қаракөк тал тәрізді өсімдіктердің 687 түрі кездеседі. Кейбір түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Қорық аумағында аңдар мен жануарлардың 342 түрі тіркелген. Дәлірек айтқанда, аңдардың 44 түрі, құстардың 282 түрі, балықтың 10 түрі, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің 3 түрі бар. Бұл табиғи кешенде тиін, құлақты кірпі, қоян және дала суыры мекен етеді. Орман ішінде бұлан, елік пен қабан жиі кездеседі. Аққұлақ, қасқыр, ақкіс, саскүзен, қарсақ, түлкі және борсық мекендейді. Жалпы, Науырзым жыртқыш құстардың көптігімен ерекшеленеді.

2008 жылы Квебекте өткен 32-ші сессия барысында Науырзым табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды. Қорық аумағы биоалуан түрлілікті сақтау жөніндегі бірқатар халықаралық жобаларға қосылған. Бұл бағыттағы жұмыстар қорықтың штаттағы қызметкерлері тарапынан да, халықаралық ұйымдар және институттар мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің экспедициялары тарапынан да тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Сондай-ақ, Қостанай қаласындағы жоғары оқу орындары студенттері жиі келіп, дала жұмыстары тәжірибесінен өтеді. Науырзым мемлекеттік табиғи қорығы базасында экологиялық үйірме жұмыс істейді. Оған аудан орталығындағы екі мектептің оқушылары тұрақты қатысып, өздері туып-өскен өңірдегі флора мен фаунаны зерттеумен шұғылданады. Қорықта «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді. Қорық музейінің қызметкері Гүлнұр Өтелбаеваның айтуынша, қорық аумағында қыранның бүркіт, қарақұс, аққұйрық субүркіт, дала қыраны деп аталатын төрт түрі ұя салады. Сондай-ақ, кәдімгі күйкентай, бөктергі, жағалтай, құр, құлақты жапалақ, қара кезқұйрық сияқты қанаттыларды кездестіруге болады.

– Қорықта тіркелген құстардың 36 түрі еліміздің Қызыл кітабына, ал 23 түрі халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Яғни, мұнда елімізде сирек кездесетін құстарды көруге болады. Қаншама аң бар. Бұлар Науырзым қорығын тұрақты мекендейді. Оның аумағында бірнеше туристік маршрут жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда табиғат аясын тамашалауға, демалуға көптеген турист келеді. Әсіресе, көктем айында маңайды қызғалдақ жапқанда келушілер қатары көбейе түседі. 2008 жылы Науырзым қорығы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, еліміздің көрікті жерлерінің галереясында жазық далалы, бетегелі-жусанды алқапта орналасқан байырғы Науырзым қорығының алатын маңызы зор, – дейді Гүлнұр Өтелбаева.

Науырзым қорығы – еліміздің солтүстігіндегі басты табиғи кереметтерiнiң бiрi. Қарағай ормандардың ғажайып сұлулығы кез келген жанды еліктіре түсері сөзсіз. Бірде күн шуағымен күмістей жылтыраған ағаштар, енді бірде күңгірттеніп, алакөлеңкеге айналады. Жазғытұрым далаға қалы кілем жапқандай көкжиекке дейін таңғажайып гүл басады. Ал мамыр айында оның бетінде Шренк лалагүлдері пайда болады. Сонадайдан меруерттей үлкен және шағын айнакөлдер толқынданып, күмістей жарқырайды. Ғалымдар тілімен айтқанда, бұл Қазақстандағы табиғат кешендерінің эталоны болып есептеледі.

Қорықтың бірегейлігі – оның су-батпақты жерлері құстардың ең мықты миграциялық маршруттарында орналасқандығы. Құдды бір құстардың патшалығы дерсіз. Мыңдаған арктика қаздары, үйректері, тырналары, балшықшылары және өзге де құстар көктемде, әсіресе, күзде көлге ұшып келеді. Олардың арасында көптеген жойылып бара жатқан түрлері бар.

– Науырзым қорығы өзінің жер бедерімен, таза ауасымен, алуан түрлі өсімдіктерімен ерекшеленеді. Мұнда еліміздің әр өңірінде кездесетін ағаштардың, аң-құстардың бәрі бар. Қысқасы, Қазақ даласының жиынтық мекені тәрізді. Сондықтан, жылдан-жылға қорыққа келушілердің саны артып келеді. Біз оларға тиісті жағдай жасап қойдық. Мәселен, мына өздеріңіз көріп тұрған бұлақ – Боқай бұлағы деп аталады. Кезінде бұл жерде Боқай деген кісі өмір сүріпті. Сол кісі жер астын тесіп аққан бұлақ көзін ашып, тазалап отырады екен. Әлі күнге дейін су көзі сәл бітелсе, тазартып тұрамыз. Келген туристер мұнда соқпай кетпейді. Бұлақтың салқын суының дәмін татады. Осы жерде киіз үй, қалың ағаштың арасында демалуға лайықтап жасалған самалжай (беседка) бар. Одан әріректе үш жүз жылдық тал өседі. Оның жуандығы сондай, екі адамның құшағы жетпейді. Ана бір жерде аумағы үш гектардай бау-бақша болыпты. Кезінде орман шаруашылығы құрылған жылдары осы бақтан жұрт жеміс-жидек тереді екен. Қазір ол да қорықтың меншігіне айналған. Науырзымнан жыл он екі ай бойы туристер арылмайды. Әсіресе, жаз айларында келімді-кетімді кісі көп. Қостанай, Астана, Алматы, еліміздің басқа өңірлерінен саяхаттап келушілердің қарасы басым. Биыл Чехиядан, Ресейден қонақтар келді. Маусым айында бір топ америкалық турист келуге тиіс. Олардың бәрі Қазақ даласының бай табиғатын тамашалап, жергілікті жердің флорасы мен фаунасына тамсануды әдетке айналдырған. Қорыққа ғылыми жұмыстармен келетін шетелдік көп, – дейді қорық директорының орынбасары Еламан Күмісбеков.

Науырзым қорығы 1966 жылы қайта құрылғанда, оның құрамына Тірсек, Сыпсың және Науырзым орман алқаптары мен Жаркөл, Ақсуат, Сарымойын көлдері енгізілді. Олардың үлесіне бетегелі-жусанды 5 мың гектар тың жазық дала тиген. Қорық орналасқан аумақтың климаты континенттік. Яғни, қысы – суық, ызғарлы; жазы – ыстық. Топырағы құмайт боп келеді. Қорықтан аққу, безгелдек, дуадақ, ақ сұңқар, тарғақ сияқты саны жылдан жылға азайып бара жатқан құстарды жиі кездестіруге болады. Бұл аймақта су көздерінің мол болуы көктемде жыл құстарының ұшып келуіне, ұя салуына мүмкіндік береді. Бұған шетелдік мамандар үлкен қызығушылық танытады.Мәселен, тоғыз жыл жыртқыш құстарды зерттеп жүрген орнитолог маман Тодд Катцнердің Науырзым қорығына тоғыз рет жолы түсіпті. Тодд АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұрады. Ол танымал орнитологиялық орталық – AVIARY бағдарламасының директоры болып жұмыс істейтін көрінеді. Ғалым Науырзым қорығы жыртқыш құстардың тығыздығы жөнінен әлемде алғашқы орындарда тұрғанына сенімді. Тодд көбіне бүркіттерді зерттейді. Сондықтан, бүркітің ұясын бес саусағындай біледі. Ол қорықтағы әрбір құспен жеке таныс сияқты. Америкалық ғалым өз зерттеулерінің нәтижелерін, бүркіт фотосуреттерін ғылыми журналдарда жариялап тұрады. Катцнер биыл да маусым айының басталуын тағатсыздана күтіп жүргені анық.

Жалпы, Науырзым қорығы – тұрақты зерттеулер жүргізіліп келе жатқан өңірдің бірі. Көптеген жыл бойы ол жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен студенттері үшін дала базасының қызметін атқарып келеді. Мұнда орнитология мен экология саласы бойынша классикалық жұмыстары жүргізілді. Науырзым қорығы А.Формозов, А.Воронов, A.Чельцов-Бебутов, И.Крупеников сияқты ірі ғалымдардың атымен тығыз байланысты.

– Даңқы елімізден тысқары, шетелдерге танылған Науырзым табиғи қорығының тағдыры оңай болған жоқ. 1951 жылы қорық қатардағы орман шаруашылығына айналып, ондағы ағаштар аяусыз кесілді. Содан соң ол қорықтық-аңшылық шаруашылығы болып қайта құрылғанда жан-жануарлар өміріне қауіп төнді. Қорық табиғи орманды жалмаған алапат өртті де, жоғарыдан түсірілген шөп шабу жоспарларын да, жиырма жылға созылған қарағайлардың өнеркәсіп мақсатына қолдан отырғызу науқандарын да басынан өткерді. Салдарынан табиғи орман өскен алқаптар көлемі мүлде азайып қалды. Кейін қорық аумағын химиялық өңдеу жұмыстарына тыйым салынды. Мұнда бұрынғыдай аудандық атқару комитетінің тапсырмасымен шөп шабу тоқтатылды, браконьерлермен күрес басталды. “Науырзым” атты қоғамдық-экологиялық бірлестік құрылып, оның атынан бірнеше рет хат жазылып, министрлік деңгейінде проблемалық мәселелер қойылды. Атап айтқанда, қорық аумағын кеңейту талап етілді. Соның арқасында 2004 жылы Үкіметтің Науырзым қорығын 103 мың гектарға кеңейту туралы қаулысы қабылданды. Қаржыландыру жұмыстары жақсарды, күзет күшейтілді. Қазір қорық аумағындағы аң-құстар адамға үйірсек. Жануарларға жайлы. Бәрі оның табиғи қалпын сақтауға жұмсалған күш-жігердің арқасы деп білемін, – дейді Науырзым қорығының директоры Дулат Қойлыбаев.

Оның айтуынша, соңғы жылдары шаруашылықтың бюджеті екі есе ұлғайған. Бұл қорық аумағында табиғи апатты болдырмауға үлкен сеп. Қаражат көлемі ұлғайғасын өрт сөндіргіш машина, жаңа тракторлар, соқа сатып алу көзделген. Алдағы шілде айынан бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 70 процентке өсетін болды. Бұл да қорық қызметкерлерінің табиғатты қорғау ісіне деген ынтасын оятары даусыз. Жалпы, Науырзым қорығының арқасында аудан орталығында бірқатар жаңа нысан бой көтерген. Қонақ үйлер салынды. Қорықтың да өз қонақ үйі бар. Мұнда келушілер атпен серуендеуге, велосипедпен қыдыруға болады. Қорықтың аумағында алты соқпақ болса, соның екеуіне адам көп келеді дейді Дулат Қойлыбаев. Тіпті, соңғы екі-үш жылда қорыққа елордадан талай мәртебелі қонақтар да келген. Былтыр қорық 1500 туристі қабылдапты. Айтпақшы, осыдан екі жыл бұрын Науырзым қорығында көркемфильм таспаланды. Онда Ресей мен еліміздің танымал актерлері түсті. Егер осы туынды үлкен экранға шықса, онда Науырзым жеріне келушілер қатары бұрынғыдан көбейе түсер еді.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ

Науырзым ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу