Қолда қармақ, құлаштап суға лақтырған

Қолда қармақ, құлаштап суға лақтырған

Науырзым ауданында  балық аулауға қызығатындар саны артқан. Қармағын ұстаған балықшылар көл жағасында бас қосты. Қарамеңді селолық округіне тиесілі Ұзынқоға көлінің маңайында  Науырзым ауданындық дене тәрбиесі және спорт бөлімі ауданның әуесқой осы балықшылардың арасында балық аулаудан турнир ұйымдастырды.

Көл маңына жиналған балықшылар жарыстың ашылуын салтанатты түрде өткізіп, бас төреші Айтбай Ерубаев сөз алды, спортшыларға сәттілік тіледі. Жарыс болған соң шарты болары сөзсіз. Төреші балық аулау үшін 1 жарым сағат уақыт межесін белгіледі.

 – Балықшылар сақадай сай келген. Біздің мақсат балықты көп ұстағанда емес, бастысы, таби­ғаттың құшағында өзгеше бір сезімге бөлену, рахаттанып бір жасап қалу. Асылында, бұл да спорттың бір түрі. Бірін­шіден, жарыс болған соң арқаң қозады, сондықтан баршаға сәттілік тілеймін, – деді төреші Айтбай Ерубаев.

Аудандық турнирге барлығы 20 үміткер қатысты. Бәрі де бала кезден балық аулап, қармақ салып жүрген елдің азаматтары. Оларға бұл маңайдың өзін-көлі жақсы таныс. Қай уақытта балық жүретінін де біледі.  Барлығы да өмірдің бір қызығы – балық аулау деп қабылдайды. Сонымен не керек, қармағын қамдап, көл жағалай қонақтаған балық­шыларкөлдің әр тұсынан тұра қалды.

Уақыт болса жүйткіп өтіп жатыр. «Алабұға, ақ балық, қармағымды қап, балық» деп тұрған оларға балық бірден түсе қоймасы белгілі. Бұл сайыста «менмін» деген балықшылар бәс тігіп жатыр. Бірінен-бірі қалғысы келмей, бар «өнерлерін» салуда. «Балықшы балықшыны алыстан таниды» деген сөз осыдан қалса керек.

Балықшылардың айтуынша, аулау оңай емес. Оның да өзіндік қыры мен сыры бар. Бірақ адамға берер пайдасы шаш етектен.

Шаршағаныңды басып, күйзелісіңді жеңуге көмектесетін, өмір сүруге деген құлшынысыңды арттыратын демалыстың әрі спорттың ерекше түрі. Балық алып, қарынды тойдыру үшін емес, жүйкені демалтып, рахаттанып бой жазу үшін қажет. Қазргі кезде балыққа шығатын жігіттер ауларын алып, балықты қырып кетеді. Балықшылардың ойынша ол мүлде дұрыс емес. Балық аулау спорттың түрі әрі демалыс. Сондықтан табиғатты да аялап, балықтардың «тілін» ұғынып, олардың да көбеюіне жол беру керек.

– Осындай турнир өткізейік деген ұсыныс балықшылардан пандемия кезінде түскен болатын. Бірақ реті келмей, уақыт өте берді. Тіптен керек марапаттарымызды да алып қойып едік. Өткізетін көлдітаба алмай, ауа-райы да болмады. Соның сәті бүгін түсіп отырған сияқты. Аудан орталығынан 20-30 шақырым жерде Ұзынқоға деген су қоймасы бар еді. Сол жерде бас қосамыз деп шештік. Балықшы кісілердің өздері іс-шараны ұйымдастырып, белсенділік танытты. Өте қызықты өтті. Бас төреші етіп Айтпай Ерубаев деген азаматты қойдық. Ол кісі керемет қолы жүретін балықшы. Балық аулағанды жақсы көреді. Төрелігін жасап, бәрін әділ саралады. Алдағы уақытта жылына бір рет болса да өткізіп тұрамыз деп келістік. Оны енді уақыт көрсете жатар, – дейді аудандық дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы Ерболат Жабағин.

Мұндай турнир өткізу үшін балықтың жүріп тұратын кезеңі керек екен. Ауға түскенімен қармаққа қабу оңай емес. Ал балық аулайтын кісілердің өзіндік ұстанымдары, былайша айтқанда «заңдары» бар. Оны тек балықшы ғана түсінсе керек.

Балықшы азаматтар берілген уақыттың ішінде бірнеше балық алды. Бірақ солардың ішінде Шолақсай ауылынын келген Қанат Баяхметовтің балығы ең салмақтысы болды. Ол салмағы 3 келі 150 граммды көрсететін балық алды. Сөйтіп бірінші орыннан көрінді. Ал қарамеңділік Қайрат Тұрабеков 1 келі 920 грамм басатын балығымен екінші орын алса,  Дүйсенбай Молдахметов үшінші орында иеленді. Оның балығы 1 келі 700 грамм болды. «Ең үлкен балық» номинациясы бойынша 400 граммдық табан алған қарамеңділік Талғат Иманбаев арнайы кубокпен марапатталды.

 – Өзім Қарамеңдіде тұрамын. Бала кезден өзеннен балық аулап өстік. Содан болар балық десе жанымды беруге даярмын. Осындай жарысқа дайындықты 20-шы жылы бастадық. Содан бері өткізе алмай жүрдік. Осы жолы бәріміз басымызды қосып, ұйымдастырдық. Өте жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар да көп. Енді жазда ғана емес, қыста да ұйымдастырсақ па дейміз. Бұл жарыс қана емес, демалыс. Өзім балық аулауға күнде барамын. Әкімдікте күзетшімін. Әттеген-айы, бірінші орын ала алмай қалдық, – дейді үшінші орын иегері Дүйсенбай Молдахметов ағамыз.

Жарыстың шарты қатысушылар тек қармақпен аулауы керек. Тіптен ағамыз аумен аулағанға түбегейлі қарсы. Осы орайда әуесқой балықшылық кәсіп пе, әлде бос уақытты қызықты өткізу ме деген сұрақ туындайды.

– Қазір бәрі бар, ешкім аш емес. Аумен емес, өзіне жетерліктей ғана, керегін қармақпен ауласа да жетіп жатыр емес пе. Кейбіреулер көздері тоймай, машинаға тиеп тұрып әкетеді. Ол дұрыс емес. Қолдан келгенше табиғатты қорғап жүремін. Енді осыны дамытып, бәйгеге жақсы сыйлықтар тіксек тамаша болады. Біз балықшы болғанымызбен мұндай турнирге алғаш қатысып отырмыз. Өте тамаша көңіл-күй сыйлайды екен. Ауқымын да кеңейтсек дейміз, – дейді ағасы.

 

–Алдағы ауқытта  осындай турнир  10-15 жастағы  балалардың  арасында да өткізуге мақсат қойдық. Біздің өсіп келе  жатқан болашағымыз тек  қана  телефоннан  қызық іздейді. Ал шындап келгенде айналаның бәрі де қызыққа толы. Соны біз бала бойына сіңіре біліп, осындай турнирлерге  катысып  жерімізді,  елімізді  бағалап өссе деймін, – деген ойын қосты балықшы Айтбай Ерубаев.

Барлық қатысушылар бөлім тағайындаған кубок, медаль, грамоталар мен балық аулауға қажетті құрал-саймандармен марапатталды. Ендеше спорттың бұл түрі де дами берсін.

 

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

     Науырзым ауданы

           

 

Жаңалықтармен бөлісу