Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желіде хабарлады. Қазақстандық Гузель Аблилова ол әдісті Ұлыбританиядағы Рединг университетінің Химия, өнімдер және фармация мектебінің профессоры Виталий Хуторянскиймен бірлесіп жасап шығарғанын айтып отыр.
Ғалымның бірнеше жылдық зерттеулерінің нәтижесінде көзге арналған линзаға ұқсас өте жұқа полимерлі дәрілік пленкалар пайда болды.
“Офтальмологиялық дәрілік пленкаларды жасау идеясы 2016 жылы докторантураға түскен кезде пайда болған. Биополимерлер негізінде пленкалық материалдар түріндегі дәрілік формалардың дамуы ғылыми қызығушылығымды тудырған. Осыған дейінгі зерттеулерді зерделей келе, көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабаттарына қолдануға арналған полимерлер негізінде жаңа пленкалы дәрілік формалар жасауға болады. Пленкалар дәрілік заттардың дозасын және шығынын айтарлықтай азайтады. Бастысы – денсаулыққа ешқандай зиянды әсері болмайды”, – дейді Гузель Қабілетқызы.
Сонымен қатар полимерлі көз пленкалары көзге арналған тамшылардың негізгі кемшіліктерін жоюға мүмкіндік бермек. Алайда, көзге арналған тамшылардың емдік мерзімі қысқа. Көбіне тамшылар көз жасымен қоса немесе басқа да түрлі себептермен сыртқа шығып кетеді. Ал бұл жасаған полимерлі пленка көз жасымен байланысқа түскен кезде бірте-бірте еріп, препарат ұзақ уақыт бойы көз ішінде сақталады.
“Импортталған фармацевтикалық нарықта полимерлерге негізделген көз дәрі-дәрмектерінің түрлері бар. Жұбановтық ғалым жасаған көзге арналған дәрілік пленкалар бактериалды этиологияның көз ауруларын емдеуге арналған. Яғни бұл микробқа қарсы препараттармен, атап айтқанда ципрофлоксацинмен әсер ететін антибиотикпен әзірленген”, – дейді министр Саясат Нұрбек.
Полимер негізінде жасалған дәрілік форма босатылған дәрілік препараттың мөлшерін реттеуге мүмкіндік береді. Дайындалған көз пленкалары 6-8 сағатқа дейін емдік әсерін бере алады. Алдағы уақытта ғалым дәрі-дәрмектің әсер ету уақытын мүмкіндігінше ұзақ уақытқа арттырудың әдіс-тәсілдерін анықтауды жоспарлап отыр.
Гузель Абилова бүгінде Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті «Химия және химиялық технология» кафедрасының доценті, PhD екенін айта кетейік.