Қар аршу жұмыстары қарқынды

Қар аршу жұмыстары қарқынды

Соңғы жылдары табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар көбейіп кетті. Мәселен, қыс айларында боран, өрт оқиғалары жиі тіркелетін болса, көктем шыға қар суының еруінен болатын су тасқыны жиі орын алып жатады, ал жазда дала өрті көп тіркелуде. Көп жағдайда бұл климаттың өзгеруімен және өзге жағдайлармен байланыстырылып жүр. Осындай қауіп-қатерді болдырмау мақсатымен  елімізде төтенше жағдайлардың алдын алу мен іс-қимылдары жөнінде қыруар жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде Сарыкөл кентінде қардан тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек, көктайғақ кезінде де көптеген амалдар жасалуда. Айталық,көктайғақ кезінде аудан орталығындағы жол апаты жиі орын алатын көшелердің қиылыстарына құм себіліп, басты көше жолдары қатқан мұздан, қардан тегіс-
телді.

– Сарыкөл кентінде көшелерді қардан тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Тазалауды мердігер «Мелоян С.В.» ЖК жүргізеді. Ал, саябақ маңайы мен «Меңдеке батыр» ескерткішінің аумағын және жаяу жүргіншілер жолдарын қоғамдық жұмыс қызметкерлері тазалайды. Біз ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар нысандар (халыққа қызмет көрсету орталығы, аурухана, балабақша, мектептер және т.б.) орналасқан басты көшелерді тазалаймыз, – дейді Сарыкөл кенті әкімінің орынбасары Берік Қалмұратов.

Сонымен қатар, Берік Мырзабекұлы бұл жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Айтуынша, Сарыкөл кенті бойынша 64 көше бар (жалпы ұзындығы – 76 шақырым).  Оның ішінде он шақты көше басты көше болып саналады.

– Кеше боран болды. Бүгін кент көшелерін қардан тазалау жұмыстарымен екі техника айналысуда. Егер, олар үлгірмей жатса басқа да техникалар көмекке шығады. Жоғарыда атап өткенімдей, алдымен әлеуметтік маңызы бар көшелердің жолын тазалаймыз. Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан өтініш түсіп жатса, оларға да көмектесеміз, – деп өз сөзін толықтырды Берік Қалмұратов.

Жоғарыда атап өткеніміздей, кенттегі қар тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соңғы бораннан кейін де барлық тиісті жолдар, көшелер және мекеме маңы  қардан тазартылды. Мұндай жұмыстар аудан бойынша жүргізіліп жатыр.

Жалпы, ТЖҚ өкілі күн райының қолайсыз уақытында, алай-дүлей боран мен қатты аяз күндері тұрғындарды алыс жолға шықпауға және сақтық шараларды сақтауға шақырады.

Руслан ӘЛКЕЕВ

Сарыкөл ауданы

 

Жаңалықтармен бөлісу