Мереке қарсаңында шаһар басшысы Марат Жүндібаев қаланың маңызды салаларында қызмет істейтін әйелдерді құттықтау үшін қалалық полиция басқармасына және «Қостанай су» мекемесіне барып, жылы лебізін білдірді.
Қала әкімі алдымен Қостанай қалалық полиция басқармасына барып, қала тәртібін сақтаудағы қызметтері үшін әйел-полицейлерге алғысын айтты.
Оларға жұмысының қиындығына қарамастан, кәсібилігі мен адалдығын жоғары бағалап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
«Қымбатты ханымдар, қаламыздың тыныштығы мен тәртібін қамтамасыз ету үшін күн сайын еңбек етіп келесіздер. Заң бұзушылықтардың алдын алу, адамдарды қорғау – бұл барлығы да жеңіл емес, күш пен табандылықты қажет ететін жұмыс. Сіздердің кәсібилігіңіз бен адалдығыңыз, батылдығыңыз бен адамгершілігіңіз – қала тұрғындарының қауіпсіздігінің кепілі. Қызметтеріңіз ге деген адалдықтарының үшін ризашылығымды білдіремін», – деді Қала әкім Марат Жүндібаев.
Гузель Бегманова ішкі істер мекемесінде 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда Жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы. Жұмыс бағыты қала аумағындағы қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Бұқаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жұмыс істейміз. Яғни, ауқымды іс-шара барысында тәртіпті сақтауды қамтамасыз ететін қызметкерлерді орналастыру менің міндетім. Полиция қызметінде жұмыс істеу мектеп кезіндегі арманым еді. Бұл таңдауыма өкінбеймін. Үш баланың анасымын. Менің түсінігімде еркектің жұмысы яки әйелдің жұмысы деген ұғым жоқ. Адамның өзіне байланысты. Кәсібіңді толық меңгерсең қиындығы жоқ», – дейді қалалық полиция басқармасының қызметкері Гузель Бегманова.
Содан кейін Марат Жүндібаев «Қостанай су» мекемесіне барып, қала халқын таза сумен қамтамасыз етіп отырған әйел қызметкерлерді құттықтады.
Ол мекеменің жұмысының маңыздылығын, сумен қамтамасыз ету жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін күнделікті еңбек етіп жатқан әйелдердің еңбегін жоғары бағалап, оларға шын жүректен ризашылығын білдірді.
«Бұл саладағы әйел адамдардың қоғамдағы орнының ерекше екенін атап өту керек. Себебі сіздер өз кәсіптеріңіз арқылы қаламыздың өміріне тікелей үлес қосып, күнделікті мыңдаған тұрғынның қажеттілігін қамтамасыз етіп отырсыздар. Таза су – өмірдің негізі. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіздің арқасында қала тұрғындары сапалы сумен қамтылып отыр. Күрделі технологияларды меңгеріп, жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі үшін күнделікті еңбек етіп келесіздер. Отбасыларыңызға бақыт, еңбекте табыс тілеймін», – деді Марат Жүндібаев.
Тоғжан Ағатаева мекемеде абоненттік бөліммнің басшысы болып қызмет істеп жатқанына екі жылға таяған. Мерекемен арнайы құттықтап келген қала әкіміне алғысын жеткізді.
«Қала басшысына рахмет, елеп-ескеріп арнайы біздің мекемедегі қыз-келіншектерді құттықтап келгені үшін. Қай саланың да өзіндік қиындығы бар. Бастысы жұмыс адамға ұнаса, ол қандай тапсырманы да тиянақты орындайды деп ойлаймын. Бұл мекемеде жұмыс істеп жүргенімен екі жыл болды. Біздің мақсатымыз – тұрғындарды сумен қамтамасыз еті. Сол себепті тәулік бойына жұмыс істейміз. Әрине, кей жерлдерде апаттар орын алып жатады. Біз дереу оқиға орнына шығып, олқытықтың орнын жоюға кірісеміз. Осындай оқыс жағдайлар болмас үшін профилактикалық іс-шаралар ұдайы өтіп тұрады», – дейді Тоғжан Ағатаева.
Екі мекемеде де әкім қызметкерлерге гүл шоқтарын табыс етті. Қалалық «Мирас» мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК