Жанкелдин аудандық сотында алименттерді өндіру жөнінде дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шараға ішкі істер органы қызметкерлері, нотариус, медиаторлар қатысып, пікірлерін ортаға салды.
Медиаторлар мен нотариустер алимент мәселесіндегі дауды медиация тәртібімен шешу жолдарын талқылады. Осы төңіректе халықты үнемі ақпараттандырып, туындаған жайларды өзара шешіп, жоспарлы түрде жұмыс істеу керек. Жиналған топтың пікірі осы арнаға тоғысты.
Мәселелерді соттан тыс альтернативтік тәсілмен тараптардың келісімі арқылы бекітіп, нотариуспен растау барысында өзгерістер болуына байланысты түзету енгізуге, оны бұзуға және қайта жасауға болатынын түсіндіру маңызды. Дөңгелек үстелде осы ұсыныс қабылданып, сот өкілдері аудандық медиаторлар мен ішкі істер инспекторлары тізіміне жаңадан енген медиаторларға істі медиация тәртібімен шешудің жолдарын үйрету үшін семинар ұйымдастыру туралы айтып өтті.
2022 жылы Жанкелдин ауданында қаралған істердің 86%-ы медиациялық тәртіппен аяқталған. Жиында бірлескен жұмысты нәтижелі тындырған азаматтарға құрмет көрсетілді. Облыстық сот төрағасы В.Салий тарапынан берілген Алғыс хаттардың бірі аудан ақсақалы, қоғамдық медиатор Тыныштық Әбжамалұлына табыс етілді және жаңа тізім бойынша Тойғанбол Нұрханов ақсақалға «Торғай ауылының қоғамдық медиаторы» деген қызметтік куәлік табыс етілді.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы.