Өңірдегі ауылдық елді мекендерде бұрын-соңды болмаған медициналық мекемелер ашу ісі ілгері басып келеді. Шалғай ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар, ФАП-тар салына бастады. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, жақын жерден жәрдем таппай, қашықтан қалаға сабылатын жұрт үшін бұл да сүйінішті жаңалық. Жаңа нысандардың ірге көтере бастауына ұлттық жобалардың шарапаты тиіп жатыр.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының мақсаты – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру. Оны іске асыру үшін, біріншіден, елді мекендерді алғашқы медицина-санитарлық көмек ұйымдарымен қамсыздандыру, екіншіден, аудандық ауруханаларды көп бейінді аурухана ретінде қайта құру жолымен, ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілу сапасын көтеру міндеттері алға қойылып отыр. Осы тапсырмаларды орындау мақсатымен облыста атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
«Қазір, бірінші міндетті орындау шеңберінде, алты жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Оған биыл 2,7 млрд теңге қарастырылған. Аталған жобалардың төртеуі: Әулиекөл ауданындағы Тимофеев, Қостанай ауданындағы Октябрьский ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория, Ұзынкөл ауданындағы Ершов, Федоровтағы Придорожный ауылдарындағы фельдшерлік-амбулаториялық пункт құрылысы кестеден кешікпей салынып жатыр. Осы нысандар желтоқсан айында пайдалануға беріледі», – дейді облыстық Құрылыс, архитектура және қала құрылысы басқармасының басшысы Динара Ықыласова.
Ал қалған екі нысан – Лисаков қаласының Октябрь, Қостанай ауданының Владимиров ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы мерзімінен кешігіп келеді. Бұлар «Гренада ПКФ» ЖШС мердігер ұйымының жауапкершілігінде. 1,067 млрд теңгеге келісім-шарт жасалған. Қазір жұмысты жеделдету шаралары қолға алынып жатыр. Бұдан бөлек, сол бірінші бағыт аясында, биыл алғашқы медицина-санитарлық көмек ұйымдарын салуды көздейтін 19 жоба қолға алынбақ. Оның 16-сы мемлекеттік сараптамадан өту үстінде, қорытындысы желтоқсанның бірінші онкүндігінде мәлім болады делініп отыр.
«Қалған үш жоба – Қамысты ауданының Алтынсарин, Арқа ауылдарына, Федоров ауданының Кеңарал ауылына салынуы тиіс ФАП құжатын дайындау келісім-шартына 16 қарашада ғана қол қойылды. Өйткені мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық мәселелер қолбайлау болды. Сондықтан бұлар келер жылы мақұлдаудан өтеді деген сенім бар. Барлық жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады, онымен қоса инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жергілікті атқарушы органдарға міндеттеледі», – деп толықтырды басқарма басшысы.
Ал екінші бағыт бойынша, Арқалық және Жітіқара ауруханаларын көп бейінді аурухана ретінде қайта құру жоспарланған. Осы жылдың 3 сәуірінде «Құрылыс Одақ» ЖШС жобалық ұйымымен 60 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат (ЖСҚ) дайындауға келісім-шарт жасалыпты.
«Қазір ЖСҚ аяқталу сатысында, сараптама жүргізу үшін порталға жүктеуге әзірлік жүргізіліп жатыр. Оңды шешімге 2024 жылдың қаңтар айында қол жететі деп болжанып отыр. Қайта құру жұмыстары аяқталған соң жаңа көп бейінді ауруханалар мұқтаждық көріп отырған МРТ және ангиограф секілді медициналық құрылғылармен жабдықталады», – дейді Д.Ықыласова.
Жаңа кейіпке еніп, деңгейі көтеріле түскен мекемелер бірнеше елді мекенге, оның ішінде көршілес аудандағы ауылдардың тұрғындарына қызмет көрсете бастамақ. Бұдан бөлек, ұлттық жоба аясында Арқалық өңірлік ауруханасының перзентханасына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Үш жылдық жоба құны – 1 191,5 млн теңге. Бүгінге дейін жалпы жұмыстың 45%-ы аяқталған. Осы мәліметтерден соң, облыс әкімі Құмар Ақсақалов жоспарға сай жүріп жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, олқылыққа ұрынып, дәрігерлік амбулатория құрылысының кестеден кешігуіне жол берген өңірлердің басшыларына ескерту жасады.
«Қостанай ауданы мен Лисаков қаласының әкімдері жағдайды дұрыстауға күш салып, құрлыс барысын қатаң бақылауға алуы керек. Өйткені өте аз уақыт қалды. Нақты мақсатқа бөлінген қаржы толық игерілуі керек. Желге ұшпай, сапаға жұмсалуы тиіс. Осыны қадағалауда ұстаңыздар!» – деп түйіндеді облыс әкімі.
Жандос ЖҮСІПБЕК