Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов қолайсыз ауа райына байланысты пікір білдірді

Облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов қолайсыз ауа райына байланысты пікір білдірді

Бүгін облыста өте қолайсыз ауа райы жағдайы қалыптасқанын білеміз. Облыстың көп бөлігінде жауын-шашын, қар жауып, боран болды, желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетті. Облыс әкімінің орынбасары табиғаттың келеңсіз құбылыстарына орай қабылданған шараларды тілге тиек етті.

“Қолайсыз ауа-райына байланысты облыс аумағында 165 елді мекенде электр энергиясы жоқ. Жоғарыда аталған елді мекендерде электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлер мен 15 білім беру нысанының шатыры ұшып кетті. Келтірілген материалдық залал анықталуда. Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері адамдардың қаза болуына жол бермеу үшін және олардың денсаулығына зиян келтірмеу үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатыр”, – деді Арман Тарғынұлы.

Өңір жолдарында ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қарлы боранда тұрып қалған автокөліктер мен адамдарды құтқару жұмыстары жүргізілуде. 14 авариялық-құтқару жұмысы қолға алынып, 20 адам құтқарылған.

Республикалық маңызы бар автожолдарға Қазақ Авто Жол филиалының 85 бірлік техникасы, ал облыстық және жергілікті жолдарды тазарту үшін мердігерлік ұйымдардың 526 бірлік техникасы қызмет көрсетті. Облыс бойынша 257 жылыту пункті дайындалды.

“Дауылды ескертулерге қарамастан, автокөлік жүргізушілері қозғалысты жалғастыруда. Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары! Жол қозғалысына қатысушылардың барлығын жолдарда төтенше оқиғаларды болдырмау, төтенше жағдай хабарламаларын ескеру, алыс жол жүруден бас тарту және автокөліктер арасындағы жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырамыз”, – деді Арман Әбенов.

 

Жаңалықтармен бөлісу