«AMANAT» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі облыстық кеңестің отырысында жастарға байланысты көптеген мәселелер қаралды. Солардың бірі кәсіп бастаған жастарды несиелендіру тәртібі жайында «Агралық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының өкілдері бірқатар кеңестерімен бөлісті.
Сондай-ақ, күн тәртібінде жастарға берілген шағын несиелер, 2023 жылға арналған бөлінген бюджет, проблемалық мәселелер бойынша «Аграрлық несие корпорациясының» есебі тыңдалды.
“Жалпы, 2023 жылға жастарды шағын несиелендіру бағдарламасы аясында кем дегенде 230 шағын несие беруге 1 150 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы “Аграрлық кредиттік корпорация” АҚ-ның филиалымен бірлесіп, жастарға микрокредит беру бағдарламасы бойынша қаржыландыру туралы тапсырма шартына қол қойылды”, – деп атап өтті филиалдың бөлім басшысы Ақмарал Төленова.
Биыл корпарация 960 млн теңге көлемінде қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Кемінде 192 микрокредит берілетін болады.
“Бұл қаражат шамамен 2024 жылдың сәуірінде аударыла бастайды. Бүгінде ауылдық округ әкімдері мен бағдарламаның әлеуетті қатысушыларына кеңес беріліп жатыр. Бұдан басқа, филиал қарыз алушының құжаттарын алдын ала тексеру процесін бастады”, – деді Ақмарал Берікқызы.
Осы несиелендіру төңірегінде кейбір мәселелер туындап жатқаны жасырын емес. Бұл процес мақсатты пайдалануды нақты растау бойынша жүзеге асырылады. Клиенттер құжаттарды пайдалану мерзімінің соңғы күндерінде кешігіп ұсынып жатады. Осыған байланысты оларда анықталған ескертулерді жоюға уақыт қалмайды. Бұл, әсіресе, шалғай аймақтардағы тапсырыс берушілерге тән құбылыс.
“Клиенттер бізден алған несиеге тауарланбаған малды сатып алады. Белгі қойылмаған тауарды кепілге алғанда түрлі мәселе туындатары анық. Сондықтан оларға заңдастыру шараларын өздері жүргізуіне тура келеді. Екінші жағынан қарыз алушылар кредиттік қаражатты жеке шоттарға аударғандықтан, мақсатсыз пайдалану тәуекелі туындайды. Ұсыныс жолдаушылардың көпшілігі сатып алу-сату мәмілесінің қалай жасалатынын, қандай құжаттарды ұсыну керектігін білмейді”, – дейді бөлім басшысы.
Маманның келтірген деректеріне сүйенсек, 2023 жылы 5 млн теңге сомасына қарызды мақсатсыз пайдаланудың 1 фактісі анықталған. Ондай жағдайда қарыз алушы қарызды мақсатсыз пайдалану сомасынан 25 % (жиырма бес пайыз) мөлшерінде айыппұл төлейді және қарызды мақсатсыз пайдалану сомасын мерзімінен бұрын қайтарады. Қарыз қаражатын қолма-қол тәсілмен пайдаланған жағдайда қарыз беруші (сенім білдірілген өкіл агент) бұзушылықтың әрбір күні үшін шарт бойынша негізгі борыш қалдығының 0,01% мөлшерінде өсімпұл төлеуді талап етуге құқылы.
Әсел ҚИБАШ