Наурыз тойы: ұлттық ойындардан жарыс өтіп жатыр

Наурыз тойы: ұлттық ойындардан жарыс өтіп жатыр

Наурыз мерекесіне орай Қостанайда асық атудан жарыс өтіп жатыр. Оған бастама болған — қалалық спорт бөлімінің мамандары.

Басы-қасында еліміздің бірнеше дүркін ұлттық ойыннан чемпионы Серікбай Төлебайұлы жүр.

“Қазір жастардың ұлттық ойынға деген ынтасы артып келеді. Соларды дайындайтын маман тапшы”, – дейді Серікбай Төлебайұлы.

Іс-шараның өтуіне ұстаздарының ізбасарлары Сәділ Ахметов пен Сайлау Омарова да атсалысып жүргенін айта кету керек. Сәділ қаладағы №61, Сайлау №11 бөбекжай бақшасында ұлттық спорттың осы түрінен балғындарға тәлім беріп жүр.

Бүгінгі жарыстың алғашқы қатысушысы Есет Әмір — Әлихан Бөкейханов атындағы мектептің бастауыш сынып оқушысы.

“Асық атқан маған ұнады. Бес рет аттым. Апай мен ағай сыйлық берді”, – деген бүлдіршіннің қуанышында шек жоқ.

Ал Тобыл қаласындағы балабақшаға барып жүрген Нұртастың қанында мергендік бар ма деп қалдық. Үш метрден нысананы он рет көздеп, дәл тигізді.

Март сауда орталығының жанындағы алаңда білектілердің сайысына тілек білдірген ағайынның қарасы қалың.

“Жарыс келушілердің өз еркімен өтіп отыр. Бұл — біздің спорт бөлімінің қолдауымен қолға алынып отырған жылдағы дәстүрміз”, – дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олег Коморов.

Меңдіқара ауданының тумасы Қанат Бейсекенов 24 келілік гірді отыз рет көтерді.

 

“Жасымыз қырыққа жақындап қалса да қауқарым бар екен”, – деп әзілдейді замандасымыз.

Ол бұрын күрескен, армрестлингпен айналысқан, облыс-республиканың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Осының алдында ғана қос отыз екіні жиырма жеті рет көтеріп, топ жарып келгенін айтады.

Қойкөтеру қазақтың ертеден келе жатқан көне ойыны. Қазіргі жастардың қызығушылығы олардың ата-бабасының қанында бар екенін аңғартады. Абылай есімді мына баланың жасы шамамен он бесте.

Алтынсарин мектебінің оқушысы осы алпыс келі жасанды қойды он бес рет көтерді.

“Аса ауыр болған жоқ. Бастысы иығыңа көндіріп жатқызып алсаң болды”, – дейді Абылайхан Нұрсейітов.

Владислав Воропай мына қойды елу рет бағындырды. Ғажабы оның спортқа еш қатысы жоқ екен. Телевизия саласында жеке кәсіпкер техник болып қызмет атқарады.

Осы қой көтеруден басты сыйлықты қостанайлық Владислав Тарасов ұтып алды. Ол алпыс келі қойды мойнынан алпыс үш рет асырды.

Владислав амрлестингтен фитнес клубта шәкірт дайындайды.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Жаңалықтармен бөлісу