Мобильді аударымдардың мәнісі қалай?

Мобильді аударымдардың мәнісі қалай?

Мобильді аударымдар тексеріледі дегеннен бастап көпшіліктен маза кетті. Бұрынғыдай мобильді төлем азайып, қолма-қол ақша алу көбейді. Мәселенің мәнісін білмесе де, «пәле болар» деп «тірі» ақшаға ауысып жатырмыз. Шын мәнісінде заң не дейді? Бұл өзгеріс кімдерге тиесілі?

Қазақстанда 1 қаңтардан бастап азаматтардың мобильді аударымдары тексеріле бастады. Неліктен мұндай қадағалау енгізіліп жатыр және өзгерістер кімдерге әсер ететіні туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары баспасөз мәслихатында түсіндіріп берді.

“Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлары немесе қызметтері үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда, бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чек берілмей,  тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Бұл жерде ескеретіні мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді. Тек қана әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударым алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда ғана тексеру жүргізіледі”, – дейді түсіндіру жұмыс жүргізу  басқармасының басшысы Зарина Бекмұхамедова.

Бұл кәсіпкерлерге қатысты болса туыстар, достар өзара ақша аудара ала ма деген сұрақ туындайды.

            “Әрине, жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына өзге де жағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасап, қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу болмайды”, – деп түсінік берді.

Осы жерде туындаған тағы бір мәселе – кейбір кәсіпкерлердің тек қолма-қол ақша талап ететіні. Бұл мәселе біздің оқырмандарды да алаңдатады. Сұрақ қойып хабарласқандары да болды.

            “Жақында ғана таксиге міндім. Жүргізуші қолма-қол ақша төлеуімді талап етті. Әупірімде қолымда ақша болмай қалды. Жүргізуші болса төлемесем түсіріп тастайтынын айтып, жақын маңдағы банкоматқа соқты. Ақша алып, он мың теңге ұсынсам өзінің де есеп айрысатын қолма-қол ақшасы жоқ екен. Бұл сонда қалай болғаны?”, – деп шағымданды.

Сөйтсек қолма-қол ақша талап ету заңсыздық екен. Бұл тұтынушылардың құқықтарын бұзады. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады, ал қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге(40 АЕК)көлемінде айыппұл салынады.

            “Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тартса тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет. Жаңа жылдан бері кейбір такси жүргізушілері де қолма-қол ақша талап ете бастағаны белгілі. Жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асады. Яғни, барлық салық төлеушілер тең болып, алынған табыстан салық төлеуі тиіс”, – деді Зарина Бекмұхамедова.

Міне, мәселенің мәнісі осындай. Сондықтан анау айтты деп мобильді аударымдардан үркудің қажеті жоқ. Әр адам өз жолын біліп, талап етуге құқылы.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу