Жуырда Астана қаласында өткен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың үшінші кезеңінде қостанайлық Мирас Жылқыбаев жүлделі бірінші орынды жеңіп алды.
Жеңімпаз Жамбыл жалпы білім беретін мектебінің 11-сыныбында оқиды. Бұл жеңіс Мирастың, мектептің, ауылдың немесе ауданның ғана емес, облысымыздың жеңісі болды.
«Көп тіл білу – заман талабы». Бұл – жеңіске жету жолында өзіне таудай талап қоя білген Мирастың ұстанымы. Республикалық олимпиада барысында ол өзінің ана тілімен қатар, орыс, ағылшын тілдерін де жетік меңгергенін дәлелдеді.
Осы тұста ағылшын тілінен сабақ беретін ұстазы Толғанай Досанованың еңбегін атай кеткен абзал. «Мирас ізденімпаз, кез келген талапқа жауапкершілікпен қарайтын оқушы», – дейді апайы.
Нәтижесінде Мирас Ғылым және жоғары білім министрлігі Астана халықаралық университетінің «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі» білім беру тобы бойынша университеттің грантын ұтып алып, сертификатымен марапатталды.
«Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі» демекші, жеңімпаз оқушы мен жетекші ұстазға шығармашылық табыс тілейміз.
Гүләлем ЕСҚАЛИЕВА,
Жамбыл ЖББМ мұғалімі.
Қостанай ауданы