11 июня, 2025
Меңдіқара ауданының құт қонған ауылында спорт нысандары іске қосылды

Меңдіқара ауданының құт қонған ауылында спорт нысандары іске қосылды

Меңдіқара ауданының маңдайалды елді мекенінің бірі – Харьков ауылы. Бұл ауылдың ырыс-берекесін арттырып, ырыздығын еселеп отырған қамба толы дән  де, төскей толы мал да көктен түскен жоқ. Барлығы табанды еңбек пен маңдай тердің арқасында келген игілік. Еңбекпен даңқы шыққан ауылдың сырт келбеті жыл өткен сайын ажарланып келеді.

Бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген сөз жиі айтылады. Табысты  кәсіпкерлерге, қуатты кәсіпорындарға «маңайыңа қарайласа жүр» дегенді меңзейтін осы сөздің нақты іске асырылған мысалын көргіңіз келсе, Харьковке бір барып қайтқаныңыз абзал.

 Бұл ауылда мұндай мысал жетерлік. Аталған елді мекенге газ құбыры тартылмаған демесеңіз, қалған игіліктің бәрі бар. Мұндағы мәдениет үйі, мектеп, балабақша тәрізді халыққа бірінші кезекте керек маңызды әлеуметтік нысандар кезінде жергілікті серіктестіктің күшімен бұзылмай, сақталып қалған.

Тоғыз жолдың торабынан шеткей, тұйықта жатқан шағын ауылда кейбір аудан орталықтарында жоқ хоккей корды, спорт кешені сияқты алып нысандар жұмыс істеп тұр.

Соснов ауылдық округінің әкімі  Сабыр Советовтің айтуынша, 700-ден аса тұрғыны бар Харьков ауылында «Қарқын агрофимасы», «Родник» деген ірі шаруашылықтар бар. Екеуі де егін және мал шаруашылығымен қатар айналысады. Жергілікті халықтың жетпіс пайызы осы екі шаруашылықта жұмыс істейді. Ауылда 2023 жылдан бері қарай екі спорт нысаны салынды. Былтыр үлкен спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл жабық хоккей алаңы іске қосылды.

«Қазір хоккей корды ғимаратының құрылысы аяқталды. Енді мұздың әбден қатуын күтіп отырмыз. Мемлекеттік сатып алу арқылы коньки, ойын таяқтары, қорғаныш бас киімі, шайба тәрізді керек-жарақтарға тапсырыс беріп қойдық. Осының бәрі түгенделген соң, нысанның ашылу рәсімін жасап, ауыл балаларына тапсырып береміз», – дейді әкім.

Аумағы 2000 шаршы метр болатын хоккей кордының құрылысына облыс бюджетінен 250 млн теңге қаржы бөлінген.

Мұнда бір уақытта шамамен отыз шақты бала бірдей коньки теуіп, хоккей ойнай алады. Ал 2023 жылы пайдалануға берілген 1160 шаршы метр болатын алып спорт кешенінің құрылысына 222 млн теңге жұмсалған.

Қазір мұнда футбол, кикбоксинг үйірмелері жұмыс істейді. Кикбоксинг үйірмесіне аптасына үш рет аудан орталығынан арнайы маман келіп жаттығу өткізіп кетеді. Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің алдағы номеріне оқи аласыздар

 

Суретке түсірген — Бағдат Ахметбеков