Арқалық қаласына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Бейсенғалиев келіп, атқарылып жатқан бірқатар жұмыстардың барысымен танысты.
Өңірде ірі инвестициялық жобалар іске асуда. Солардың бірі – «KazWindEnergy» ЖШС -нің қуаты 48 MBт болатын жел электр станциясының құрылысы. Қазіргі таңда жоба бойынша станция орналасатын алаңға кіреберіс көтерме жол салынып, биіктігі 100 м бағаналар орнатылатын 3 котлаван қазылған. Жел электр станциясының 3 жиынтығы жеткізілген.
Маятастағы тау – кен – байыту комбинаты да геологиялық барлау жұмыстарын жоспар бойынша жүргізуде. Бүгінде «Қостанай тау – кен – металлургиялық корпороциясы» ЖШС 4 жер телімінде 6700 м бұрғылау жұмыстарын жүргізген. Кен көлемі анықталуда.
Халық қалаулысы «Арқалық қаласының жылу жүйесін 2030 жылға дейін қайта жаңғырту» жобасы бойынша Арқалық жылу электр орталығының алдағы қысқа дайындықтарын да назарға алды. Арқалық аймақтық ауруханасы, Родина ауылындағы Ә. Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектебі, «Дала өлкесі тарихы» музейінде болды.
Родина ауылына өткен жылы жаңа су құбыры тартылды. Биыл аталған ауылдың 17 көшесі жөнделіп, 24 көшесі жарықтандырылатын болады. Таяуда күрделі жөндеуден өткен облыстық музейдің реэкспозициясына 205 млн теңге бөлінген.
Жоғары мәртебелі мейманмен қала әкімі Әмірхан Асанов, қалалық мәслихаттың төрағасы Гүлбану Елтебаева, «АМАНАТ» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет және қала әкімінің орынбасарлары, мекеме басшылары бірге болды.
Сапар барысында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Берік Тұрсынбекұлы ілкімді жобалардың жүзеге асуына сәттіліктер тілеп, іс барысын өзінің ұдайы бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Арқалық қаласы.