Кристинаның еңбегі халқаралық конференцияда үздік деп танылды

Кристинаның еңбегі халқаралық конференцияда үздік деп танылды

Қостанайда өткен халықаралық студенттік ғылыми-практикалық конференцияда Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенті Кристина Гревцеваның  жұмысы бірінші орынға лайық деп танылды. Татарстаннан келген Поташов атындағы техникалық колледжінің студенті Анастасия Андееваның еңбегі де үздіктердің қатарынан көрінді.

Осылайша, 80 студенттің жұмысы бес түрлі номинация бойынша өз бағасын алды.   Колледж, техникум студенттерінің ғылыми-зерттеу қызметінің шығармашылық бастамаларына жиналғандар пікір білдірді.

Мәселен, облыстық білім басқармасының әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Марал Боқаева осылай халықаралық дәрежеде ғылыми тәжірибе алмасудың келешегі зор екенін айтты.

«Қостанай автомобиль көлігі колледжінің диалог алаңы ретінде таңдау дұрыс деп санаймын. Өйткені колледж ұжымы жоғары білікті оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлерінен тұрады. Студенттер жыл сайын WorldSkills ұлттық және өңірлік чемпионаттарының, ғылыми-практикалық конференциялардың жеңімпаздары атанып жүр. Жинақталған тәжірибе әрі қарай қызмет процесінде барлығына пайдалы болады деп үміттенемін. Бұл ғылыми зерттеулер процесін жақсартуға ынталандырады», – деп ой қосты Марал Боқаева.

Расымен, осы ынталанлдырудың арқасында қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Былтыр конференцияға жүзге тарта қатысушы қызығушылық танытқан болса, биыл 37 білім беру ұйымынан екі жүзге тарта қатысушы қатысып отыр.

Студенттер мен басшылар, ғылыми-зерттеу қызметінің тәжірибесін бөлісу және тарату үшін арнайы алаң құрылды.

Бұл арнайы алаңға Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенттерінің ерекше үлес қосқанын айта кету керек.

«Бұл біздің педагогтардың үлкен еңбегі. Бұл үрдіс біздің колледжде ғана емес, басқа оқу орындарында да жыл сайын арта түседі деп ойлаймын», – дейді колледж басшысы Дмитрий Павленко.

Ауқымды іс-шара биыл  еліміздің, Татарстан Республикасы және Ресей колледждері ғылыми-зерттеу қызметінің шығармашылық бастамаларына қолдау білдіру үшін үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды.

Сараптамалық комиссия құрамына А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, М.Дулатов атындағы инженерлік-экономикалық, академик З.Алдамжар атындағы әлеуметтік-техникалық университеттерінің өкілдері енді. Конференцияға  облыстық білім басқармасы әдістемелік орталығының білім беру, Қостанай политехникалық колледжі және автомобиль көлігі, «Allur» зауыты, «KamLitKZ» ЖШС ірі бизнес өкілдері де қатысты.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу