KІА Corporation президенті Қостанайда салынып жатқан жаңа зауыт құрылысының барысымен танысты

KІА Corporation президенті Қостанайда салынып жатқан жаңа зауыт құрылысының барысымен танысты

Қостанайда іргетасы қаланып жатқан жаңа зауыт Kia брендінің Қазақстан мен ТМД нарығында кең таралуына ықпал ететін болады. Бұл туралы Kia Corporation президенті Хо Сун Сон Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесу барысында мәлімдеді.

Автомобиль жасау саласындағы әлемдік көшбасшы Kia Corporation Қостанайдағы жаңадан тұрғызылып жатқан зауыттың құрылысына ерекше мән беруде. Айтулы жоба Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екі ел экономикасының дамуына тың серпін беруі тиіс.Қостанайға арнайы іссапармен келген Хо Сун Сон мырза бастаған Kia делегациясы облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге жаңа зауыттың құрылыс барысымен танысты.Қазақстанға алғаш рет келіп отырған Kia Corporation президенті Орталық Азия мен ТМД елдерінде автомобиль бизнесін дамытуда Қостанай облысының географиялық тиімдідігін атап өтті.Оның айтуынша, дамыған көлік инфрақұрылымы мен қолайлы географиялық жағдайы Қостанайды автомобиль өндірісі мен экспортының орталығына айналдыруы тиіс. Аталған зауыт болашақта жылына 70 000 автокөлік шығаратын болады. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 90,0 млрд теңге. 2025 жылы іске қосылуы тиіс зауыт 1500 адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде.

Зауытты салу үшін жергілікті атқарушы билік облыс орталығындағы индустриялық аймақтан 70 га жер учаскесін бөлді. Бүгінде бұл арада құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан басқа да қажетті қолдау шаралары көрсетілуде. Қостанай облысының әкімі ҚұмарАқсақалов адам күшіне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.Аталған зауытты қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатымен машина жасаудың 5 бағыты бойынша (машина жасау технологиясы; автоматтандыру және басқару; машиналар мен жабдықтарды пайдалану және техникалық қызмет көрсету; қара металл өңдеу; дәнекерлеу) өңірдің колледждері мен жоғары оқу орындарында жаңа мамандықтар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Жастардың білімі мен тәжірибесін ұштастыру мақсатымен оқу орындарында материалдық-техникалық жабдықтау жұмыстары қолға алынған.Сондай-ақ зауыттың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті, әрі инвесторлардың басты талаптарының бірі – инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында да ауқымды жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, электр, газ, су және кәріз желілері, сондай-ақ сыртқы жарықтандыру және байланыс желілері іспетті инженерлік коммуникациялардың толық кешенін салу жоспарланған.

Жаңа зауыттың жұмыс циклының үздіксіздігін (қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнімді тасымалдау) қамтамасыз ету мақсатында, ұзындығы 4,2 шақырым кіре беріс тас жолын, және тек зауыт қажеттілігіне ғана қолданылатын 5 шақырымдық темір жол торабын салу көзделген.

«Шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің сенімін сақтай отырып, қарым-қатынасты нығайту –  мемлекеттік органдардың басты басымдықтарының бірі екенін айта кеткен жөн”, – деп сөзін түйіндеді облыс басшысы.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу