Рудный көпсалалы ауруханасында простата обыры бар науқасқа лапароскопиялық ота жасалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл облыста аталған диагноз бойынша қолға алынған – алғашқы лапароскопиялық ота.
Оны жоғары санатты уролог-дәрігер, “Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы урология бөлімшесінің меңгерушісі Бақтияр Қасымов әріптестеріне мастер-класс ретінде жүргізгенін айтып отыр.
– Болашақта біздің әріптестеріміз мұндай операцияларды өз бетінше, тұрақты жүргізеді деп үміттенеміз. Аурухана бөлімшесі өте жақсы жабдықталған екен. Барлық мүмкін эндоскопиялық операцияларды жүргізуге арналған жаңа жабдық пайда болған. Біздің міндетіміз – бағыттау, ұсыну, әрі қарай осындағы әріптестеріміз өз істерін сәтті жалғастыра береді, – дейді Бақтияр Қасымов.