Рудныйда бір күнде екі көп қабатты тұрғын үйдің пәтер кілттері табысталды. Бұл жыл басындағы кеншілер қаласындағы басты жаңалықтардың бірі деуге болады.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа қоныс иелеріне құтты болсын айтып, пәтерлерін аралап көрді. Өңір басшысы өз сөзінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – облысымыздың әлеуметтік саясатының негізгі бағыты болған және болып қала беретінін айтты.
“Өткен жылы 500 мыңға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 5 мыңнан астам отбасы пәтермен қамтылды. Ал Рудный қаласында өткен жылы 45,2 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар, 2023 жылдан бастап Рудный қаласында ескі ғимараттарды көп пәтерлі тұрғын үйлерге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ауданы 28 мың шаршы метрден асатын 11 үй қалпына келтірілді. Тағы 3 үйді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Енді міне Топоркова 160 мекен жайындағы үйдің кілтін пәтер иелеріне табыстадық. Бұл үйді жөндеуге 395 млн теңге жұмсалды. Осының арқасында 23 отбасы жайлы баспанаға еніп отыр”, – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Тұрғын үйде 1 бөлмелі төрт пәтер және 4 бөлмелі 18 пәтер бар. Бөлмелердің кеңдігі 40 шаршы метрден, 102 шаршы метрге дейін.
“Қайта құру, жобалау, құжаттама әзірлеу жұмыстарына толық сегіз ай уақыт кетті. Міне, сол сегіз айдың ішінде жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстарын атқарып шықтық. Тұрғын үйдің жағдайы он болмады. Көп күш жұмсауға тура келді. Десек те аянып қалған жоқпыз. Құрылыс материалдарының сапасына мән бердік. Әуел баста бұл ғимарат тұрғы үй болмағандықтан, дизайнерлермен бірге жобалау жұмыстарын жүргіздік. Менің ойымша, сапасы жағынан шағым болмауға тиіс. Тұрғындардың жайлы өмір сүрйуі үшін бәрін жасадық. Әкімдік қабылдап алар алдында, ұдайы тексеріп тұрды”, – дейді «PRIME CONSTRUCTIONS» ЖШС директоры Әділ Сәкенов.
Пәтер кілттері мүгедек балалары бар отбасыларға, көп балалы жанұяға, зейнеткерлерге және толық емес отбасылар мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне табысталды.
“Рудныйға Өзбекстаннан қоныс аударғанымызға он жылдан асып кетті. Бұл төрт бөлмелі пәтерді көп балалы ана ретінде алып отырмын. Жергілікті билікке рахмет айтамын. Балаларымның несібесі ғой. Жолдасым екеуіміз жұмыс істейміз. Бәрі жақсы. Балаларым да ерешке қуанып жүр”, – дейді пәтер иесі Ләззат Сұлаймонова.
Дәл осындай төрт бөлмелі пәтерге ие болған көп балалы ананың бірі Жазира Бимолдина. Алтын құрсақ ананың бес ұлы бар екен.
“Үй кезегінде тұрғаныма екі жыл болды. Көп балалы анамын. Бұған дейін пәтер жалдап тұрып келдік. Жалдамалы пәтер болып есептеледі. Бірақ алдағы уақытта өз атымызға меншіктеп алуға мүмкіндік бар. Қала басшылығына рахмет айтамын. Қаламыз дамып, көркейе берсін”, – дейді бес баланың анасы Жазира Бимолдина.
Сондай-ақ, өңір басшысы кеншілер қаласына жұмыс сапары барысында Пионерская көшесі 29 мекен жайындағы “Ардақ” тұрғын үй кешенін қалыпқа келтіру жұмысы барысымен танысты.
“Құрылыс жұмыстары өткен жылдың үшінші тоқсанында басталған. Қазір жұмыстардың денін аяқтадық. Ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Техникалық зерттеу жүргізілді. Жалпы ауданы 1500 шаршы метр, 18 пәтер бар. Қалыпқа келтіру жұмыстары оңайға соққан жоқ. Десек те, жұмыстарды сәтті аяқтап шықтық”, – дейді “QAZAQSTAN CONSTRUCTION HOLDING” ЖШС бас директоры Нұралыхан Кульчиков.
Осы мердігер ұйым жөндеу жұмыстарын жүргізген Сандригайло көшесі 59 мекен жайындағы тұрғын үйге де облыс әкімі арнайы барып, пәтер иелерімен сөйлесіп, қоныстарына құтты болсын айтып шықты. Аймақ басшысы кездескен үй иелерінің барлығына жеміс-жидек, тәттілер салынған себет сыйға тартты.
“Өткен жылы Рудный қаласында 45 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл осы саладағы 5 пайыз өсімді білдіреді. Қаңырап қалған тұрғын үйлерді қалыпқа келтіру жұмыстары осыдан екі жыл бұрын қолға алынған еді. Қазір өздеріңіз көріп тұрсыздар бұл жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бас-аяғы 11 тұрғын үй жаңа кейіпке енді. Көктем шыға аулалар абаттандырылып, балар ойын алаңы, спорттық алаңдар орнатылатын болады. Жаңа үй жайлы әрі қауіпсіз баспана болатынына сенімдімін! Әр шаңырақта құт-береке, шаттық пен қуаныш орнасын. Қоныс тойларыңыз құтты болсын!”, – деп тілек білдірді облыс әкімі.
Бұл тұрғын үйде 98 пәтер бар. Олардың 27-і бір бөлмелі, қалған 71-і екі бөлмелі пәтерлер. Бұл тұрғын үйді қалыпқа келтіру жұмыстарына 700 млн теңге жұмсалған.Айсұлу Жұмабайқызының баласы екінші топтағы мүгедек. Бір бөлмелі пәтерге ие болды.
“Бұл сәтті 14 жыл күттік. Қуаныштымыз әрине. Сапасы жағынан шағым жоқ. Үйдің іші жылы. Пәтердің құжаттарын рәсімдедік. Енді коммуналдық ұйымдармен келісім-шартқа отырамыз. Сіздерге қамқорлықтарыңыз үшін рахмет айтамын. Қызым екінші топтағы мүгедек. Мемлекет барлық жәрдемін жасап келеді”, – дейді Айсұлу Жұмабайқызы.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ