Жаңа ғасыр мұғалімі шәкірт алдында терең білім, жан-жақты білікті тұлғасымен дараланып қадірленуі тиіс. «Өмірдің қуанышы көп алуында емес, басқаларға көп беруінде, білім мен тәжірибеңді халыққа таратуыңда», – деп Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, алған әсерді, білімді оқып қоя салмай, өз тәжірибеңде қолдану нағыз қуаныш сол болмақ.
Міне, осы сөздеріме айғақ болар, «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының филиалы Қостанай облысы бойынша Кәсіби даму институтының ұйымдастыруымен «Қазақ тілінде оқытатын мектептердегі «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндері педагогтерінің пәндік және кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбы бойынша біліктілік арттыру курсына қатыстым. Бұл курсқа келгендегі мақсатым – жаңа Қазақстанда жаңашыл ұстаз болуға қадам жасау, оқытудағы педагогикалық қоржынымды әр түрлі жаңа әдіс-тәсілдермен толықтыру болған еді.
Бұл курстың мазмұны бағдарламаға сәйкес пән мұғалімдерінің педагогикалық шеберліктерін шыңдауға бағытталғанына көзіміз жетті.
Курс тренері, сол мекеменің кафедра меңгерушісі Ғалия Жүсіпова Сапарбекқызы алғашқы күннен пән мүғалімдерінің пәнді оқытудағы психологиялық және педагогикалық аспектілеріне тоқталып, әр күнгі тақырыпты өмірмен байланыстырып өткізді. Тренердің біліктілік деңгейі, баяндауы, педагогикалық шеберлігі өте жоғары ерекше көзге түсті.
Әр сабақты өмірмен байланыстырып өткізу бүгінгі оқу мен оқытудағы басты тренд десек те болады. Себебі, алған білімді өмірде қолдана алу жеке тұлғаның функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруына үлкен ықпал етеді.
Жалпы, біз пәнді оқыту барысындағы көзқарасымызда өзгерте алдық. Бірінші күннен қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін оқытудағы проблемаларды анықтап және оны өз бойымыздан іздеу арқылы талқылау жұмыстары жүргізіліп және оны шешу жолдары қарас- тырылды. Әрбір сабақты өткізудегі спиральдік байланыс, SMART мақсат, бағалау критерийлері, кері байланыс, рефлексия, оқушыларды қолдау және нәтижеге жеткізудегі тиімді әдіс-тәсілдер, жұмыс түрлері, көркем шығарманы оқытудың стратегиялары, талдау жұмыстары, т.б. педагог қызметі оқушылардың жас ерекшеліктеріне, қажеттіліктеріне және оларды қолдау, ынталандыру, қызығушылықты арттыруға негізделетінін байқадық.
Педагогтің кәсіби өсуі де үнемі біліктілікті арттыруда екен. Біліктілікті арттыру – өз білімін жетілдірудегі басты қадам. Бұл ендігі біздің ұранымыз болмақ.
Бұл курстан алған әсерімізді ауыз толтырып айта беруге болады. Үйренгеніміз. Курстан кейінгі педагогикалық мақсатым – осы үйренгенімді жүзеге асыру, қолдана алу және өз қызметімді бағалау.
«Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздың қолында» екені бүгінгі мұғалімге қойылатын талап.
Әсел Нұрмұханова,
Арқалық қаласы білім бөлімінің Фурманов ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі