Есімі де,  еңбегі де  елінің есінде

Есімі де, еңбегі де елінің есінде

Рудный тарихи-өлкетану музейінде Иван Дьячковқа  арналып ескерткіш тақта орнатылды. Иван Иванович саналы ғұмырында кеншілер қаласындағы және Б.Майлин ауданындағы Би-аға атындағы тарихи-өлкетану мұражайларының негізін қалап кетті. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, жазушы және өлкетанушы.

Салтанаты іс-шараға Иван Дьячковтың көзін көрген, бірге қызметтес болған әріптестері, жергілікті өлкетанушылар және Рудный қалалық мәслихатының төрағасы мен Ресейде тұратын қызы қатысты. Ең алдымен жиылғандарға жазушы жайлы арнайы әзірленген “Ақын, жазушы, өлкетанушы” атты бейнематериал көрсетілді.

 

“Рудный тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын ерекше тұлға Иван Ивановичті арнайы еске алуға жиналдық. Ол кісінің өлкеміз үшін жасаған еңбегі ерен. Бір ғана мысал келтірер болсам, осы музейді ашу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Алматыға дейін барып, рұқсат алып келді. Кейін, осындағы барлық экспонаттарды жинақтау үшін бар күш-жігерін салып еңбектенді. Мұражайдағы жәдігерлер де ол кісінің қолының табы қалған. Ресейден арнайы ұрпағы келіп отыр. Сіздің әкеңізді біз ұмытқан жоқпыз, өзіңіз көріп тұрғандай, ұлықтап жатырмыз. Ол кісінің жасаған ісі бізге үлгі. Құрмет тақтасы құрметті жанға дәл қажетті жерде орнатылды деп есептеймін”, – деді Рудный қалалық мәслихатының төрағасы Азамат Ысқақов.

Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері майданда төрт рет жарақат алған. Ауыл мұғалімі кезекті еңбек демалысында жұбайымен Украинадағы қайын жұртына қыдырып барған. Келесі күні ол жергілікті еріктілермен бірігіп жау диверсанттарын ұстау операциясына қатысады. Ал елге оралған соң көп ұзамай әкесімен екеуі әскер қатарына шақырылған. Ол өзінің естелігінде сонау 1943 жылы қатысқан ең алғашқы шайқас жайлы былай дейді:

“Бұл ұрыста екі жақ та өлімге бас тігіп шайқасты. Тіпті, жаралыларға да қарайтын мүмкіндік жоқ. Бірақ біз шебімізді сақтап қалдық. Көп адам қаза тапты. Жазмыш шығар, мен сол қырғыннан аман шықтым”.

Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Сәлімгерей Бексейітов те сөз алып, жылы лебізін бөлісті.

“Маңызды сәтке куә болып отырмыз. Иван Ивановичке ескерткіш тақта орнату арқылы, ол кісінің есімін ел жадында сақтап, жастарға алдыңғы буынның қандай болғанын үлгі етіп көрсете аламыз. Ұрпақтар сабақтастығын әрі жалғап, нығайтуға сеп болмақ. Ардагерлер ұйымы мүшелері ескерткіш тақта орнату қажеттігін көтеріп жүрген еді. Мұражай ұжымы бір жылдан астам уақыт жұмыс істеп, ойымызды қолдап, іске асырғаны үшін алғыс айтамын”, – деді Сәлімгерей Бексейітов.

Соғыстан кейін Иван Иванович педагогикалық институтты аяқтап, Б.Майлин ауданында, Қазақстан Компартиясының Қостанай облыстық және Рудный қалалық комитетінде хатшы болды. Кеншілер қаласында кеншілер мен теміржолшылардың бірнеше ұрпағына өмірге жолдама берген алғашқы кәсіптік-техникалық училищенің негізін қалады және жиырма жылға жуық басқарды.

Рудный қаласының құрметті азаматы Александр
Заскальк тұлғаның елеулі істеріне кеңінен тоқталды.

“Ол кісі Отаны – Қазақстанды және жерлестерін ерекше қастерлеп, құрметтеп өтті. Өмірінде бір-екі кітап қана жазған жазушылар бар. Ал Иван Иванович он кітап шығарды. Тек Рудный, Қостанай жайлы емес, Қазақстан жайлы да қалам тербеді. Ол кісі қарапайым еңбек адамдарын шығармаларына арқау етті. Түрлі мамандық иелері туралы кеңінен толғады. Ағартушылықпен айналысып, кәсіптік-техникалық училище ашып, өңір үшін маман дайындады. Өмірден өтетін жылы біз кездестік. Ол кісі үйіне шақырып, жазған-сызғандарын көрсетіп, оқытатын. Сол кезде науқастанып жүрген кезі еді. Бірақ ауырса да ойында жүрген дүниелерді қағазға түсіріп кетті. Іс-шара өтетін күні таңертең ол кісі көзі тірісінде маған сыйлап кеткен төрт кітабын қолыма алып, көз жүгіртіп өттім. Бір кітабының атауы “Мен әрқашан сіздермен саптамын” деп аталады. Оқып отырып, өте қатты әсер алдым. Иә, ол кісі біздің әркез жадымызда сақталады”, – деді Александр Заскальк.

Музей ашуға рұқсат алғаннан кейін, оған экспонат жинап, экскурсоводтар мен ғылыми қызметкерлерді даярлау міндеті тұрды. Сол тұста Валентина Хомякова Иван Ивановичпен бірге қызметтес болып, осы істердің басы қасында болды.

Ерекше толқып тұрмын. Қазір өткенге көз жүгіртіп, еске алып отырсам, біраз дүние атқарыппыз. 1983 жылы жұмысты бастадық. Иван Иванович ерекше жаратылған адам болатын. Ол кісі әдебиетшілерді, тарихшыларды тіпті математика пәнінің мұғалімдерін де жұмысқа қабылдады. Өйткені қажеттілік болды. Қатарында мен де бармын. Музей ісіне үйретті. Алғашқы музейдің қызметкерлерін тәжірибе жинақтау үшін Алматыдағы, Мәскеудегі, Украинадағы музейге, тағы көптеген елдерге жіберіп оқытты. Ол кісінің білімінің тереңдігі соншалық, кез-келген мәселемен ақыл сұрап баратын едік. Қостанай облысының біраз аудандарына барып, көшпелі көрме ұйымдастырдық. Ол кісі қандай құрметке де лайық. Нағыз басшы бола білді”, – дейді Валентина Хомякова.

Иван Дьячков үш ұл, бір қызға үлгілі әке бола білді. Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Ресейде тұратын қызы Татьяна Ивановна арнайы келді.

“Әкеме арналған іс-шараға қатысып, ол жайлы жылы сөздер есту мен үшін мәртебе. Әкемде адамды алалау деген жоқ болатын. Бала күнімде есімде, әкем өте жұмысбасты болды. Бір сапардан келіп, екіншісіне аттанатын. Қарағандыдағы институтта оқыдым. Демалысқа келгенде әкемнің бір тыным тапқанын көрген емеспін. Сол тұста музейдің ісімен шапқылап жүрген еді. Әр ісін жеті рет өлшеп, бір рет кесетін. Жер аударылып келгенде қазақтар құшақ жая қарсы алды. Сол себепті қазақ елін, қазақтарды ерекше құрметтейтін.  Бізді де солай тәрбиеледі. Әкемді ұмытпай, еске алып құрмет жасап жатқандарыңыз үшін басымды иіп, рахмет айтамын”, – деді қызы Татьяна Ивановна.

Иван Дьячков 2015 жылы дүниеден өтті. Десе де, көзі тірісінде құрметсіз болған жоқ. Мемлекеттік награда “Құрмет” орденімен марапатталды. КСРО және Қазақ КСР Журналистер одағына мүше болды. Рудный қаласының құрметті азаматы және музейдің құрметті директоры атанды. КСРО кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің үздігі, ҚР мәдениет қайраткері атанды.

 Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген –

Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Рудный қаласы

 

Жаңалықтармен бөлісу