Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге аударды. Президент ең алдымен, еліміздің аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты.
– Бұл міндетті орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Алдағы жылдары 115 тауарлы сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға береміз. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Озық халықаралық стандарттарға, соның ішінде «Халал» стандартына сай әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.