ДЕНДЕГЕН ДЕРТ

ДЕНДЕГЕН ДЕРТ

Қостанай өңірі – өндірісі өркендеген, экономикасы еңселі, қарқынды дамып келе жатқан облыстың бірі. Тоғыз жолдың торабындағы көлік логистикасы көш ілгері, шекара шебіндегі астықты аймақта ауыл шаруашылығы мен ауыр өнеркәсібі, автокөлік индустриясының әлеуеті өте зор, инвесторларға қолайлы мекен. Тарихи мұраларымен, таза ауасымен, тұмса табиғатымен де тартымды. Өкініштісі, осы киелі өлкеде  онкологиялық  дерт өршіп барады.

Аймақта 14 мыңнан астам адам қатерлі ауруға шалдыққан. Науқастар саны жыл сайын көбейіп жатыр. Мамандардың айтуынша, Қостанай облысында 2020-2023 жылдар аралығында онкологиялық аурудан өлім-жітім көрсеткіші күрт өскен. Соңғы деректерге сәйкес, 2023 жылы 2650 адамнан қатерлі ісік анықталып, ал 646 адам осы дерттен көз жұмды.

     “Өкінішке қарай, қатерлі ісікке шалдыққандар саны соңғы бес жылда  көбейіп кетті. 100 мың  тұрғынға шаққанда 330 адамнан келеді. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 298 болған”, – дейді Қостанай қалалық онкологиялық емханасының бас дәрігері Максим Бобошко.

Іргелес жатқан Солтүстік Қазақстан облысында  11264 адам диспансерлік есепте тұр. Осы жылдың 8 айында 1167 адам есепке алынған, бірақ өткен жылдың  осындай кезеңін 1240 адам тіркеуге алынған. Соған қарағанда, аз да болса төмендеген көрсеткішті көреміз.

Үмітін үзбеген

     Қатерлі дерт талай жанның қабырғасын қайыстырып, жақындарынан айырды. Әділханның  бажасы мен нағашысы осы аты жаман аурудан айықпай, ажал құшқан. Өзі де он жыл бойы сыр бермей, сырқатымен күресті. Қатерлі ісікке қарсы тұру үшін, науқас жігерін жанып, жан дүниесін жақсылыққа, жазылып кетем деген сенімге жетелеу керек. Бұл құлан таза айығып кеткен кейіпкеріміздің ұстанымы.

   “Химиядан кейін шашым, тырнағым  түсіп қалды. Бірақ жұмыстан қол үзген жоқпын. Өзімді іштей қайрадым. Дертті жеңіп шығам деп сендім. Шынтуайтында, емнің шипалы болуы психологиялық дайындыққа, жігеріңе байланысты. 70-80 пайыз соған байланысты деп білемін. Ал ауруға шалдыққандардың көбі жамандық ойлай бастайды. Үмітін үзеді. Ондай кісілерге ем қона қоймайды. Шетелге шапқылаудың қажеті жоқ. Еліміздің онкологиялық орталықтары қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Бір ампуласы 800 мың теңгенің препараты тегін беріледі. Қазақстан емханаларында емделіп шығуға барлық жағдай жасалып жатыр”, – дейді  қала тұрғыны Әділхан Гутов.

     Жетпіс жастағы  Вера Улана да  жеті жылдан бері ауыр дертпен арпалысып келеді. Жығылғанға жұдырық демекші, қарт ананың басқа да созылмалы аурулары асқынып кеткен. Зейнеткер соңғы демі біткенше күресуге бел буған.

    “Инсульттан кейін  қант диабеті асқынып кетті. Бірақ мен күресіп келем. Бұл дертке берілмеймін. Емделуге, жазылып кетуге талпынам”, –  дейді зейнеткер.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

     Әділхан Гутов пен Вера Улананың қатерлі дертке қалай шалдыққан себептерін түсіну тым қиын. Айтуларынша, екеуі де қауіпті  өндіріс ошағында жұмыс істемеген. Тұқымында бұл ауру жоқ. Қос кейіпкердің өмірге деген құлшынысы мен талпынысы талай  күйзеліске төтеп бергенін айтады. Алайда ауыр дерттің тауқыметін көп адам көтере алмайды. Сағы сынып, сары уайымға түседі. Үмітін үзіп, емделуге еш зауқы болмайды. Көбі психолог мамандарға да бармайды. Мәселен, Қостанай онкологиялық орталығында екі маман жұмыс істейді. Оларға күніне оннан астам науқас жүгінеді екен. Әсіресе, операция алдында психологиялық қолдау көрсету өте маңызды. Бірақ, ауруы асқынып, үміті үзіле бастаған жандарға психолог-терапевт маманның көмегі ауадай қажет. Ал, ондай маман онкодиспансерде жоқ.

    “Біздің алдымызға стационарда және  емханада жатқан науқастар келеді. Енді ғана диагонозы анықталған науқастар, көп жыл бойы емделіп келе жатқан жандар да бар. Жиырма жылға жуық күресіп жүргендер де бар. Науқас алғаш рет онкологияға шалдыққанын білгенде үлкен күйзеліске ұшырайды. Үрей, қорқыныш билейді. Отбасын, балаларын, ата-анасын ойлап алаңдайды. Осы кезде ағзаның өзі стресске түседі. Дәл осы сәтте науқасқа психолог көмектесуі керек. Туыс-туғандарына да кеңес беріп, көмек-қолдау көрсетеміз. Кейде психотерапевтің де көмегі керек болады. Ал, ондай маман бізде жоқ, арнайы сырттан шақыртамыз”,  –  дейді психолог Марина Гончарук.

 Мамандар пайымы маңызды

            Онкологиялық диспансерде науқастардың жасы мен жұмыс орны жөнінде есеп жүргізілмейді. Яғни дертке шалдыққандардың дені неше жаста, немесе қайда жұмыс істейтінін дөп басып айта алмаймыз деген сөз.

     “Көбіне 60 жастан асқан кісілер келеді,  жастар да  жиілеп кеткен. Адамның стресс, күйзеліске ұшырау жағдайы онкологиялық ауруларға түрткі болатын  бір фактор ретінде қаралады. Бірақ бір ғана фактордың әсерінен дерт асқынады деп айту қиын. Көптеген  факторлардың әсері онкологиялық  ауруларға алып келуі мүмкін”, –  дейді онколог-хирург Заңғар Геменбек.

Онкологиялық аурудың асқынуына бірнеше фактор әсер етеді деген болжам бар. Мысалы гинетик маман өндірістік аумақтарда көп жыл жұмыс істеген адам қатерлі дертке шалдығуға бейім болуы мүмкін екенін айтады. Эколог та бұл факторды жоққа шығармайды.

   “Онкологиялық аурулардың пайда болуына өндірістік аумақтарда көп жыл еңбек ету факторы әсер етуі мүмкін. Мәселен өндірістік зауытты алайық.Бұл аумақта жұмысшы көптеген химиялық заттарды қолданып, соның салдарынан адама ағзасы мутацияға үшырауы мүмкін. Егер адамның тұқымқуалаушылық бейімділігі болса,оған қоса ол химяилық заттардың ортасында жұмыс істесе, әлгі адамда онкологиялық дертке шалдығу процессі арта түседі, –  дейді облыстың бас гинетигі Гүлнәр Божекенова.

      Ал, техника ғылымдарының кандидаты, эколог Гүлнәр Юнусованың айтуынша, климаттың өзгеруінің адам денсаулығына әсері – ұсақ шаң бөлшектерімен ластанудың ұлғаюы денсаулыққа теріс әсер етуі мүмкін, бірақ одан әрі зерттеулер қажет. Тұрмыстық қалдықтар және онкологиялық аурулар – әсері химиялық құрамға және асбест қалдықтарының нысанына байланысты онкологиялық аурулардың дамуына ықпал етуі мүмкін. Ғылыми жобалар – ірі жобалар туралы ақпарат аз және университетте мұндай зерттеулер жүргізілмейді. Концентрациялану ықтималдығы жоғары, яғни химиялық заттар, өнеркәсіп қандай болса, онда онкологиялық процестің пайда болу ықтималдығы осы адамда жоғары болатын көрінеді.

 Қоршаған орта қорғала ма?        

      Өңірдегі ірі және шағын өндіріс ошақтары экологиялық талаптарды қаншалықты сақтап отыр? Бұл сауалға  сала мамандары да мардымды жауап бере алмайды. Өйткені кешенді тексеріс жүргізілмейді.

     “Профилактикалық  тексеріс  жүргізу үшін әуелі департамент өкілдері кәсіпорынның есеп-қисабынан заңбұзушылықты анықтауы қажет. Анықталған жағдайда сырттай тексеріс белгіленеді. Яғни, экология департаменті ешқандай заңбұзушылықты анықтай алмайды деген сөз. Себебі өндіріс нысандары тапсыратын есептен еш мін табылмайды. Сондықтан заңға өзгеріс енгізу керек”, – дейді Қостанай облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Зиада Бисахалова.

Облыстық экология департаментіне қарасты зертханада Тобыл-Торғай өңірінің суы, ауасы мен топырағының ластану деңгейі  тексеріледі. Мамандар соңғы он жылда облыс көлеміндегі экологиялық ахуал қалыпты деп сендірді. Сынақ зертханасының жетекшісі Айгүл Әбілтаеваның айтуынша, 2023-2024 жыл мониторингінің нәтижелері бойынша өнеркәсіптік кәсіпорындардан ластаушы заттар бойынша асып кетулер тіркелген жоқ. Талдау нәтижелері экологиялық реттеу комитетіне жіберіледі және сайтта орналастырылады.

P.S. Біз Астанадағы Ұлттық онкология орталығына хабарластық. Орталық мамандары бізге берген жауабында індеттің себеп-салдарын іздемейтінін, емдеудің жаңа тәсілдерін табумен ғана айналысатынын айтып, Семейдегі радиациялық медицина және экология институтынан сұрап көруге кеңес берді. Алайда ол мекеме бізге ақпарат беруден ат тонын ала қашты. Дендеген дерттің себеп-салдарын анықтауға нақты жауап алу мүмкін болмады. Ғылыми-зерттеу  жұмыстары  жүргізілмеген. Осы мақсаттағы ғылыми жобалар қолға алынбай, қатерлі дерт өрши бермек. Түйткілдің түйінін тарқатуға еліміздегі ERG сияқты алпауыт компаниялар атсалысып,  онкологиялық аурудың тамырын басатын ғылыми бастамаға  мұрындық болады деп сенім артамыз.

 

Заңғар САНАЙ,
Балауса ЖҮНІС

Дереккөздер

  1. https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-densaulyk/activities/18253?lang=kk
  2. https://oncology-kostanay.kz/userfiles/upload/%D0%A4%D0%B8%D0%BD%D0%B0%D0%BD%D1%81%D0%BE%D0%B2%D0%B0%D1%8F%20%D0%BE%D1%82%D1%87%D0%B5%D1%82%D0%BD%D0%BE%D1%81%D1%82%D1%8C%202023%20%D0%B
    3.pdf
    file:///C:/Users/%D0%97%D0%90%D0%9D%D0%93%D0%90%D0%A0/Downloads/%D0%BF%D1%80%D0%B0%D0%B9%D1%81.pdf

Жаңалықтармен бөлісу