Ауылда жұмыс бар, тек маман керек

Ауылда жұмыс бар, тек маман керек

Қазіргі таңда аудан-қалаларда білікті кадрлардың тапшылығы жоғары. Түрлі салада бірқатар жұмыс орындары бос. Бұл мәселе Қамысты ауданында айналып өтпеді. Бірақ шешімі табылып келеді.

Кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері бірлесіп мұның жолын шешуде.

“Биыл Қамысты ауылында РАПО ғимаратын коммуналдық көппәтерлі тұрғын үйге қайта жаңарту, Арқа ауылында демалыс үйін салу, Алтынсарин, Бестөбе, Арқа ауылдарының әрқайсысына ФАП салу қатарлы жұмыстар қолға алынады. Тек осы науқанды әрі қарай жалғастырып әкететін мамандар қажет”, –  дейді Қамысты ауданының әкімі Ерлан Жаулыбаев.

Аудан орталығында жөнделіп жатқан көппәтерлі тұрғын үй туған ауданға келіп, жұмыс істеуге келген жастарға берілмек. Көп те, аз да емес – 16 пәтер.


Айта кету керек аудан орталығында жас мамандарды қолдау жұмыстары белсенді жүргізілуде.

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы арқылы көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алуға төмен пайызбен несиелер беру қарастырылған. Өткен жылдан бастап Отбасы банкінің қатысуымен «Қостанай жастары» атты ипотекалық бағдарлама іске қосылды. Сондай-ақ басқа аудан, елді мекендерден келген жас мамандарға абаттандырылған жалға берілетін тұрғын үй беріледі.
Қамысты ауданында түрлі салада жұмыс күші жетіспейді. Қазіргі уақытта Қамысты, Қарабатыр, Бестөбе, Адаев, Алтынсарин ауылдарында барлығы 198 бос жұмыс орны бар. Бухгалтер, агроном, химия мұғалімі, мемлекеттік тілде оқытатын химия, биология, математика, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, акушерлер, медбикелер, фельдшер, фтизиатр, эпидемиолог, инфекционист дәрігерлер қажет, Жалпы практикалық дәрігері, ветеринарлық дәрігер, зоотехник, токарь, дәнекерлеуші, механизатор, электрик, жүк көлігінің жүргізушісіне сұраныс жоғары.
Жастар аталған ауылдарға келген жағдайда жұмыс беруші толық әлеуметтік пакеті бар тұрақты жұмыс орнымен қоса тұрғын үй береді.
Жоғары және арнаулы орта оқу орындарының түлектері үшін алынған мамандық бойынша бастапқы тәжірибе алу мақсатында «алғашқы жұмыс орны», «ұрпақтар келісімшарты» және «Жастар практикасы» сияқты бағытта субсидияланатын жұмыс орындары ұйымдастырылған. Бүгінгі күні 85 адам тұрақты жұмыс орындарына және бос жұмыс орындарына орналастырылды.
Сондай-ақ, Қамыстының Қарабатыр, Алтынсарин сынды шаруашылығы шалқыған ауылдарына да ауыл шаруашылығы және басқа да сала мамандары қажет.
Қарабатыр елді мекеніне де қойшы, механизаторлар, агроном, дәнекерлеуші, мал дәрігері, тракторшы, машинист мамандары қажет.
Айта кету керек, қазір Қамысты ауданында екі жүзге тарта бос жұмыс орны бар.

Бағдат МҰСАБЕКОВ,
БЕКЗАТ ӨМІРБЕК,
ҚӨУ-нің студенттері.

Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
Қамысты ауданы

Жаңалықтармен бөлісу