«Ауыл аманаты» жобасы Жамбыл облысынан бастау алады, онда 2019 жылы сол аймақ тұрғындарының табысын арттыру үшін пилоттық жоба ретінде іске асырыла бастаған. Жобаның негізгі мақсаты ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру және нәтижесінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту болды.
Пилоттық жоба өзінің тиімділігін дәлелдеді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 14 сәуірдегі № 218 қаулысымен бекітілген «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына енгізілді.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы жобаның басталуына серпін берді, онда ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, микрокредиттер алу, кооперативтік кәсіпкерлікке жеке қосалқы шаруашылықтарды тарту және 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру үшін жеңілдікті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттар айтылды.
2022 жылы Халықтың табысын арттырудың кешенді жоспарына сүйене отырып және Президенттің Жолдауын орындау мақсатында Жамбыл облысының тәжірибесін бүкіл республика бойынша масштабтау жөнінде шешім қабылданған болатын.
Қостанай өңірінде «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылы басталды. Облыста жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат толық игерілген: барлығы 279 микрокредит берілді, сондай-ақ 291 жұмыс орны құрылды.
Жобаның мәні – азаматтар мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 7 жылға дейінгі мерзімге 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен микрокредиттер беру. Микрокредиттің ең жоғары мөлшері жеке тұлғалар үшін – 2500 АЕК, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін – 8000 АЕК.
Осы жылдан бастап жоба шеңберінде 5 жылға дейінгі мерзімге ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке алу мүмкіндігі бар. Бұл ретте лизинг нысанасының ең жоғары құны 8000 АЕК-тен аспауға тиіс. Жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары ғана лизингке жатады. Лизингке техника мен жабдықтарды тек ауыл шаруашылығы кооперативтері ғана ала алады.
«Ауыл аманаты» жобасына ауылдар мен Тобыл қаласының тұрғындары, атап айтқанда, жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың, ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлердің қатысуға мүмкіндігі бар. Заңды тұлғалар арасынан тек ауыл шаруашылығы кооперативтері ғана микрокредит ала алады.
Қарыз алушыларды іріктеп алудың негізгі критерийлері:
– жобаның кредит берудің басым бағыттарына сәйкестігі;
– жаңа жұмыс орындарын құру;
– жеке тұлғалар үшін жоба ашылатын елді мекенде немесе шағын қалада тұрғылықты жері бойынша кемінде12 ай тұрақты тіркеудің болуы;
– заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер үшін жобаны ашу жоспарланып отырған ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеудің болуы;
– кепілмен қамтамасыз етудің болуы.
Сондай-ақ, бұл микрокредит беру жобасы қарыз алушы үшін жеңілдік кезеңін көздейді, оның мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін ең ұзақ мерзімі 12 ай, қалған барлық жобалар үшін 6 айға дейін. Жоба халықтың кең тобына бағытталған, кредит беру шарттары қарыз алушылар үшін барынша оңайлатылған, өйткені республика бойынша ең төмен жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%.
Облыс әкімдігі микрокредиттер беру жөніндегі сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде уәкілеттік берген мекеме – «Тобыл «ӘКК» АҚ.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасын қаржыландыру сәуір айында 1,5 млрд теңге мөлшерінде болады деген болжам бар.
Облыс әкімдігі қаржыландыру сомасын ұлғайтуға күш салуда, өйткені облысымызда микрокредит алғысы келетіндер көп. Әлеуетті қарыз алушыларда микрокредит алуға қалай өтініш беру керек, қайда жүгіну керек, қарыз алушының шарттары қандай, кепілмен қамтамасыз ету бойынша және т. б. туралы көптеген сұрақ бар. Осы мақсатта Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы «Тобыл» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, жобаның шарттары мен қарыз алушылардың өтінімдерін беру және қарау рәсімдерін түсіндіру бойынша облыс аудандарына баруды ұйымдастырды.
Болашақ қарыз алушы «Ауыл аманаты» жобасы оның қазіргі қажеттіліктерін жабу мақсатында емес, адамдарға алдағы уақытта өз ісін ашуға мүмкіндік беру үшін әзірленгенін түсінуі керек. Сондықтан, микрокредит алған әрбір жеке тұлға жобаның шарттары бойынша өзінің жеке кәсіпкерлігін ашуға тиіс, ол қарыз мерзімі ішінде және одан кейін жұмыс істеп тұруы маңызды.
Осы жылдан бастап облыста өтінімдерді қабылдау және қарау бойынша барлық рәсімдер «Ауыл аманаты» цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл барлық рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге, әкімшілік процестерді оңтайландыруға, ең бастысы, барлық мүдделі азаматтарға жобаға қашықтықтан (онлайн) қатысуға өтінім беруге мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, «Ауыл аманаты» жобасының зор әлеуеті бар екенін атап өту маңызды, оны іске асыру ауылда дамыған кәсіпкерлікті құруға мүмкіндік береді.
Арман ӘБЕНОВ,
Қостанай облысы
әкімінің орынбасары