Асылымызды барында бағалай білейік

Асылымызды барында бағалай білейік

Төл мерекелерімен аналарымызды, апа-қарындастарымызды құттықтаймын! Көктем күніндей құлпырып, гүлдей жайнай берсін! Аналар «нәзікпіз» деп ешқашан айтпаған. Тарихқа көз салсақ, Томиристі, Абайдың әжесі Зерені, Ұлпанды айтсақ та адами қасиеттерімен өздерін тарихта қалдырды. Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова тәрізді қыздарымыз қолына қару алып, ер-азаматтармен бір сапта тұрып отанын қорғады.

Нарық заманында да әйел-аналарымыздың елдің дамуына қосқан үлестері  зор. Ол алдағы уақытта сарапталар деп ойлаймын. Аналар ала сөмкемен жан-жақтан тауар тасып, елді қиындықтан алып шықты. Бұрын көрмеген сырт елдерге барып, бастарынан небір қиындықты өткеріп, бауыр еті балаларын осы жаймашуақ күнге жеткізді.

Енді, елімізде мұндай қиындықтар болмай, әйел-аналар өздерінің нәзік екенін сезініп жүрсін дейміз. Оған біз, ер-азаматтар барлық мүмкіндікті жасауымыз керек.

Қазіргі уақытта біздің басшылық құрамда тепе-теңдік сақталса, мамандардың арасында нәзік жандардың үлесі басымырақ. Олар үйде «отбасымыз бар, баламыз бар» демей, жұмыстарын жақсы атқарып, бізбен бірге қаламызды көркейтуге атсалысуда.

Өз отбасыма тоқталар болсам, анамыз Асанова Рауза Спанқызы 8 баланы тәрбиелеп өсірді. Әкеміз 53 жасында өмірден озды. Апаларым студент болатын. Анам жұмыс істеп, оқуларын бітіруге жағдай жасады. Мен де оқуға түстім. Анамның алатын жалақысы – 70 сом, соның 35 сомын ай сайын маған беріп отыратын. Степендия алдым. Солай анам оқытып шыққан еді. Бізге білім алып беру үшін өзі бірнеше жұмыс істеп, мал да ұстады.

Анам бізге жарық әлем сыйлап қана қоймай, тәрбие, білім беруге, адам болуымызға ықпал жасады. Қазір осындай дәрежеге, жағдайға жетіп отырғанымыз – сол анамыздың арқасы.

Мен анамның қолында тұрдым. Үйлендім. Отбасында ортаншы баламын. Көп кісілер «анам менің қолымда тұрады» деп айтады. Ол дұрыс емес. Анаң сенің қолыңда емес, сен анаңның қолында тұрасың. Анамды 80 жасқа толған шағында ақтық сапарына қолымыздан жөнелттік. Ол кісі әрдайым келіндерін, немерелерін тәрбиелеп, ақылын айтып, батасын беріп, зейнетақысын соларға үлестіріп, отыратын.

Ананың орны әрқашан бөлек. Аналары бар адамдар сол ардақты жанды бағып, күтіп, құрметтеп, бар жағдайын жасауы керек. Өйткені ол кісілер мәңгілік жанымызда жүрмейді. Кейін өкінгенмен пайда жоқ. Соған жеткізбеу қажет.

Ата-анамызды еске алып, құран-дұғамызды бағыштап отырамыз. Бақилық болған кісілердің нұры пейіште шалқысын. Аналарымызды әрқашанда құрметтей білейік.

 

Әмірхан Асанов,

Арқалық қаласының әкімі

Жаңалықтармен бөлісу