Арқалықта спорт ардагерінің құрметіне теннистен жарыс өтті

Арқалықта спорт ардагерінің құрметіне теннистен жарыс өтті

Арқалықта еңбек және спорт ардагері Жалбыр Молдрахметовтің 73 жасқа толуына арналып теннистен қалалық турнир өтті.
Жарысқа алаң иелерімен қатар Астана, Қостанай, Лисаков қалаларынан және облысымыздың Аманкелді, Жанкелдин, Б. Майлин аудандарынан спортшылар қатысты.


Жалбыр Кенжеағалиұлы 1952 жылы Аманкелді ауданында дүниеге келген. Өңірде құрылыс, коммуналдық салада ұзақ жылдар бойы тынымсыз тер төгіп, абыройлы қызметімен халыққа кеңінен танылған тұлға. Жастайынан спорттың футбол, волейбол, баскетбол, күрес, үстел теннисі және қысқы спорт түрлерімен белсене айналысып, кезінде үстел теннисінен Торғай облысының бірнеше дүркін чемпионы болған.

Республикалық жарыстарда да топ жарып, үстел теннисінен «спорт шеберлігіне үміткер» атанды. Бүгінгі күні де машықты ісінен қол үзбей, демеушілігімен жиі көзге түсіп, жас спортшыларға қолдау білдіріп келеді.

Жарыстың салтанатты ашылуында спортшылар сап түзеп, ел әнұраны шырқалды.

Қала әкімінің орынбасары Ерлан Раисов қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, иығына шапан жапты.

Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Түбекбай Әубәкіров облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрмет грамотасын» табыстады.

Сондай – ақ, замандастары, жақын — жуықтары жылы лебіздерін білдіріп ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
«Сексенінші жылдары Арқалықта теннист спорты жақсы дамыды. Оқушыларымыз республикалық жарыстың жеңімпазы болды. Ересектеріміз де ел бойынша үздік бестіктің қатарына енді. Жәкеңнің спорт шебері болуына сәл ғана сәттілік жетпеді. Әйтпесе, сондай дәрежедегі қарсыластарын талай шаң қаптырып еді.

Қазіргі «Қайрат» спорт кешені орналасқан жерде теннист залы болатын.

Онда 12 ойын үстелі тұрды. Юрий Завялов деген білікті жаттықтырушы қызмет істеді.

Былтырдан бері қаламызда жаңа спорт зал пайдалануға беріліп, теннист спортына қайта мән беріле бастады. Алдағы уақытта ойыншыларымыздан үздік нәтиже күтеміз»,-дейді уақытында қала спортына басшылық жасаған еңбек ардагері Нұрлыбек Бақытұлы.

Осылайша, Жалбыр ағамыз жетпіс үшінде сүйікті спортының тағы бір мәрте желкенін көтерді. Ардагерлеріміздің салауатты өмір салтын ұстанудағы белсенділігі, ерік-жігері, спорттағы жетістіктері жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып табылмақ.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

Арқалық қаласы