Арқалықта мәдениет қызметкерлері марапатталды

Арқалықта мәдениет қызметкерлері марапатталды

Мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов, «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет және қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Жұмабаева құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Торғай өңірі талантты тұлғаларымен көпке танымал. Арқалық қаласында да елге еңбегі сіңген азаматтар аз емес. Қазіргі таңда Шөптібай Байділдин, Бораш Әбенов, Бөлтірік Молдашев, Айбек Қалиев,  Сандуғаш Алматова, Сапарбек Ұзақов, Еркін Мергенов сынды белгілі өнер майталмандарының есімдерін көптеп айтуға болады.

Қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов соңғы жылдарда ауылдардың мәдениет үйлеріндегі жағдайдың бірталай жақсарғанын тілге тиек етті. Биыл Арқалық қалалық Мәдениет сарайы мен «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджет қаражаты есебінен Ашутасты ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жыл сайын мәдени ошақтардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлінуде. Кітапханалардағы кітап қоры молайып келеді.

Салтанатты марапаттау рәсімінде төл мереке иелеріне Арқалық қаласы әкімінің, облыстық Мәдениет басқармасының, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы орталығы мен кинебейнеқордың құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары көптеп тапсырылды.

Орайы келгенде, таяуда қалалық Мәдениет сарайының шаруашылық жөніндегі орынбасары Ләззат Төлекбаева мен сахна безендіруші, суретші Еркін Мергеновтің “ЕҢБЕК ДАҢҚЫ” төсбелгісімен наградталғанын да айта кетейік.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу