Арқалықта мәдени-ағартушылық орталығы ашылды

Арқалықта мәдени-ағартушылық орталығы ашылды

«AMANAT» партиясының «КІТАП-AMANAT» жобасы аясында ашылған орталықтың ашылуына ардагерлер, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және  жастар қатысты.

«КІТАП-AMANAT» жобасы отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, оқырмандарды кітап оқуға ынталандыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған.

Іс-шара басында «AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының төрағасы, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшесі Сабыржан Тасмағанбет:

«Бұл тек кітап дүкені ғана емес, ұлтымыздың болашағына арналған мәдени-ағарту орталығы», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударған болатын. Президент кітап шығару ісі  идеологиялық жұмыстың басты бағыттарының бірі екенін айтқан.  Осы орайда, «AMANAT» партиясы Президенттің бастамаларына демеу болып, өз деңгейінде ұлттың зияткерлік дамуына жан-жақты қолдау көрсетуді бастап кетті.

 “Партия мен Қазақстан Республикасы баспагерлер қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, нақты жоспарлар бекітілді. Барлық облыс пен қалаларда, аудан орталықтарында қолжетімді бағада түрлі бағыттағы кітаптар сату ісі жолға қойылатын болды. Осы жоба арқылы партия, отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, жұртшылықты оқуға ынталандыруға және отандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауды көздейді. Алдағы уақытта бұл орталықта түрлі тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізуге болады. Қаламызда біраз жылдар бойы кітап дүкендері жабылып қалған еді. «КІТАП-AMANAT»  орталығы осы олқылықтардың орнын толтырып, оқырмандардыңіздеген кітаптарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді”, – деді Сабыржан Нұрсалиұлы.

Жаңа кітап орталығының тұсаукесерінде сөз алған қалалық мәслихат төрағасы Гүлбану Елтебаева, қала әкімінің орынбасары Абзал Тасшимов, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Ержан Әмірбекұлы, айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев, белгілі қолөнер шебері, тарихшы Шөптібай Байділдин және басқалар жаңа бастаманы қолдап, сәттілік тіледі.

   «Кітаппен достасқан адам ақылы толысып, парасатты бола түседі. Әрі өз ойын нақты, ашық айта алатын болады. Қазіргі уақытта көп жастар әлеуметтік желіде уақытын өткізеді. Оның орнына кітап оқуға уақыт бөлсе, өзіне көп мәлімет алар еді. Сол себепті, жастарды мән-мағынасыз арзан дүниелермен алданбай, ақыл – ойды толыстыратын, алдағы өміріне өлшеусіз қазына болатын кітап оқуға шақырамыз», – дейді «AMANAT» партиясыАрқалық қалалық филиалының «Жастар рухы» қанатының жетекшісі Данияр Қожахметов.

 Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу