Арқалық қаласына арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов ауылшаруашылық қызметкерлерімен кеңес өткізіп, көктемгі егіс науқанына әзірлік барысын талқылады.
Арман Тарғынұлы арқалықтық дихандармен кездесуінде Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамытудың жаңа шегіне шығарар жолы және алдағы бес жыл ішінде жалпы өнім көлемін екі есеге дейін ұлғайту жөнінде нақты міндеттер қойып отырғанын атап өтті.
«Агроөнеркәсіптік өндірістің бірінші кезекте ауылшаруашылығының жай-күйі ауылдық аймақтарды дамыту перспективаларына тікелей әсер етеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған «Жол картасындағы» жаңа тәсілдер өсімдік шаруашылығы саласында егіс алқаптарын әртараптандыру, мал шаруашылығында мал басының санын және ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді. Біз өсімдік шаруашылығында және мал шаруашылығында шикізат базасынан бастап, өндіруге дейінгі бір алгоритмді ұстануға тиіспіз», – деді Арман Әбенов.
Ауыл шаруашылығында Арқалық өңірі бойынша алда атқарылар егістік жұмыстарының жоспары жайлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедовтің баяндамасында егжей-тегжейлі айтылды.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру шеңберінде ағымдағы жылдан бастап дәнді-дақылдар бидай мен арпаның егістік алқаптарын жоғары табысты майлы дақылдарды және әлеуметтік маңызы бар жем-шөп дақылдарын ұлғайту пайдасына қарай төмендету көзделген.
Арқалық қаласы облыстың үшінші топырақ-климаттық аймағында орналасқан. Топырақтың бұл түрі дәнді және майлы дақылдардың ауыспалы егіс құрылымдарын өсіруге жарамды. 2024 жылы тапсырмаға сәйкес бидайды 271 мың 400 гектар алқапқа егіп, кейін 2028 жылға қарай 263 мың 700 гектарға дейін төмендету қажет.
Майлы дақылдарды өсіру жоғары табыстылығын көрсетеді. Оны ағымдағы жылы 28 мың 900 гектар алқапқа, 2028 жылға қарай 31 мың 800 гектарға жеткізу керек. Сол сияқты, картоп әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енеді. Биыл оның көлемін 150 гектарға, ал 2028 жылы 423 гектарға ұлғайту көзделген.
Егістіктен мол өнім алу үшін тыңайтқыш қолдану мәселелеріне де назар аударылды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыты болуы тиіс екендігі де алға тартылды.
Кеңесте өнім өндірушілерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік берілді. Субсидия алуда көптеген қиыншылықтар бар.
Әсіресе, «қағазбастылық» деген көп уақытты жеп қояды. Малға берілетін субсидия мөлшері көптен бері көтерілмей келеді.
Ата кәсіпті қол еткен ағайындар биылдан бастап мал шаруашылығында бұқаның жалға берілмейтініне де алаңдаушылық білдіруде. Жеңілдетілген несие алайын десе ауылдағы үйлері кепілге қоюға жарамай отыр.
Облыс әкімінің орынбасары кеңесте көтерілген барлық мәселелерге мән беріп, оның аяқсыз қалмай жоғары жақта көтерілетінін айтты.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ