Арқалықта әуежай ашылады

Арқалықта әуежай ашылады

Жыл аяқталар тұста, яғни, 27 желтоқсан күні ҚР Парламенті Мәжілісінің біздің облыстан сайланған депутаттары Алберьт Рау, Берік Бейсенғалиев, Еркін Әбіл және «Ақжол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына Арқалық қаласында әуежай салу қажеттілігі туралы депутаттық сауал жолдаған еді.

Бұл Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық байланыстарды күшейту үшін маңызды болмақ.

 «2023 жылдың 19 желтоқсанында Көлік министрі таяудағы екі-үш жылда Балқаш пен Үржардың әуежайларына жаңғырту жоспарланып отырғанын, сондай-ақ, Қарқаралы мен Ұлытауда, Зайсан мен Катонқарағайда әуежайлар салу мәселесі пысықталып жатқанын хабарлады. Жөндеу мен құрылысқа барлығы 71 млрд теңге жұмсалатын болады. Әрине, министрліктің бұл бастамалары көлік логистикасының дамуына ғана емес, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Осыған байланысты, AMANAT партиясының Арқалық қаласы мен шалғайдағы Жанкелдин, Аманкелді аудандарының тұрғындарымен кездесулері барысында көптен бері тұрақты түрде көтеріліп жүрген Арқалықта да әуежай салу қажеттілігін еске салғымыз келіп отыр», – деді Мәжіліс депутаттары.

Халық қалаулыларының пікірінше, Арқалық Торғай облысының орталығы болып тұрған кезде, онда үлкен әуе кемелерін қабылдай алатын әуежай болған. Әбден қирап, бүлінген нысан осыдан төрт жыл бұрын, яғни, 2020 жылы аукционға шығарылып, жекеменшікке сатылды. Оның бастапқы құны 30 млн теңгеге бағаланған еді. Шын мәнінде оның қаншаға өткені беймәлім. Алайда, сатып алушы әбден тозығы жеткен әуежай ғимаратын астық қоймасына арналған фазендаға ыңғайлы екенін хабарламаға жазып қойған. Нысанды сату өңір тұрғындары арасында үлкен резонанс тудырды. Көптеген адам қазір бос жатқан аумақ әлі де әуе қатынасы үшін қызмет ете алатынын айтып шағымданғанмен, одан ештеңе өнбеген-ді.

«Жалпы, кәсіпкерлік пен туризмді дамыту үшін, Арқалық қаласының басқа өңірлермен байланысын нығайту, авиацияны, оның ішінде шағын авиацияны дамыту өте маңызды», – дейді тұрғындар.

Бұл соңғы екі-үш жылда жиі көтерілетін мәселеге айналған.

Әуежай ғимараты 1998 жылдан бері қараусыз тұр. Кеңес заманында осы жерден еліміздің көптеген қаласына және Мәскеуге ұшуға болатын. Арқалық – Аманкелді – Торғай бағытына ұдайы ұшақ қатынап тұрды. Бүгінде әуежайдың ұшу-қону жолағы аппараттарын іздеу-құтқару кезінде қону алаңы ретінде ғана пайдаланылады.

«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық байланыстарды күшейту үшін көлік министрлігіне Арқалық қаласында әуежайды қайта салу мәселесін пысықтауды, кейіннен осы бағытта әуе қатынасын ашуды тапсыруды сұраймын», – дейді Берік Бейсенғалиев.

Өңірдің өз әуежайының болуы – шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашудың, кәсіпорындар жұмысына инвестициялар тартудың негізгі алғы шарттарының бірі.

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов мәселені сөзбұйдаға салмай, бірден өзі жауап берді:

«Құрметті депутаттар! Сіздердің Қостанай облысының Арқалық қаласында әуежай салуға қатысты сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын. Қостанай облысының әкімдігі Арқалық қаласында әуежайдың жұмысын қалпына келтіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен ұшу-қону жолағын, жермен жүру жолын, перронды, аэровокзалды және әуежай инфрақұрылымын тексеру үшін қаражат (9,5 млн теңге) бөлінді. Зерттеу нәтижесінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуде, ұшақтарға қызмет көрсету үшін жаңа жабдықтар мен арнайы техниканы сатып алуды қоса алғанда, әуежайдың инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңғырту жөніндегі іс-шараларды жүргізудің орындылығы айқындалатын болады».

Осылайша, көптен бері Торғай өңірі жұртшылығын алаңдатып келген бұл мәселеге нүкте қойылғалы тұр.

«Бұл, біріншіден, мемлекет басшысының өңірлерге, оның ішінде моноқалардың дамуына баса назар аударып отырғандығының жемісі. Алдағы уақытта Арқалық қаласын, Аманкелді және Жанкелдин аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары жүзеге аспақ. Себебі, Қазақстан мен шетелдің түкпір-түкпірінен өңірге инвесторлар тартуды көздейтін жоба үшін көлік қатынасының маңыздылығы артады деп санаймын», – деді «Ақжол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса.

Қазір қалада әуежай болғанын сақталып қалған ұшу-қону жолағы ғана еске салады. Өңірдің елорда мен облыс орталығынан және республикалық автомобиль жолдарынан қашықта орналасуы, Арқалыққа кез келген жақтан авто не темір жол көлігімен жету немесе ол жақтан келу үшін, әдетте, шамамен жарты тәуліктей уақытты қажет етеді. Әуе қатынасының болмауы, өңірдің толыққанды әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр.

Арқалық әуежайын қалпына келтіру туралы біз облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан сұрап-білген едік.

«Қостанай облысының әкімдігі Арқалық қаласының әуежайын жаңарту мәселесін қарастырып жатыр. Бүгінде «Арқалық қаласы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ТКШ бөлімі» ММ балансынан «Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ балансына ұшу-қону жолағын (бұдан әрі ҰҚЖ) беру бойынша жұмыс жүргізіледі. ҰҚЖ берілгеннен кейін құзыретті ұйым объектіні әуежайлар тізіліміне енгізу үшін Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру және одан әрі сертификаттау жөніндегі құрылыс жұмыстарының кезеңдері мен түрлері айқындалатын зерттеу жүргізетін болады. Бұл мәселе оң шешілген жағдайда бастапқы кезеңде әуе қатынасын қалпына келтіру жоспарланған», – делінген «Қостанай таңы» газетіне берілген жауапта.

Сонымен, сең қозғалды. Дегенмен, жаңа әуежай салуға қанша қаржы жұмсалатыны, әуе бағыты қай қалаларды қамтитыны белгісіз. Сондықтан, әзірге бұқара халыққа әліптің артын бағу ғана қалып тұр.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Жаңалықтармен бөлісу