Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы тоқсан сайын халықпен кездесулері өтеді. Осыған орай, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов 6 желтоқсаннан бастап, қалаға қарасты Екідің, Әбдіғапар хан, Көктау, Аңғар, Фурманов, Целинный, Жалғызтал ауылдары және Қайыңды, Ашутасты, Молодежный, Родина ауылдық округтері тұрғындарымен кездесіп, жыл есебін берді.
Жиында қала әкімі есепті кезеңге сәйкес Арқалық қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне тоқталып, ауыл тұрғындарының мәселелеріне ден қойды. Биыл Арқалық қаласының бюджеті шамамен 17 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың бюджетімен салыстырғанда қала қазынасының екі есеге артқанын көрсетеді. Басты мақсат – бөлінген қаражатты тиімді игеру. Бұл жұмыстар оңтайлы шешімін тауып жатыр.
Қаладағы қарқынды істермен қатар, ауылдық мекендерге де көп көңіл бөлінуде. Мәселен, Әбдіғапар хан ауылының осы жылғы бюджеті 34 млн теңгені түзді. Ауылда халықты жұмыспен қамтудың 12 бағытының 2 бағыты бойынша 5 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 6,1 млн теңгеге жастарға 2 микрокредит берілді. Биыл ауыл көшелері 7,5 млн теңгеге жарықтандырылды. Ұялы байланыс пен интернеттің сапасын жақсарту үшін 2024 жылы антенна –діңгек құрылысын салуға жобалық-сметалық құжат әзірленді. Жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі мәселесіне байланысты, Арқалық қаласының резервтегі жер учаскесі мен арнайы жер қорынан 40 мың гектарға жуық жер берілді.
2023 жылы Әбдіғапар хан ауылында суды тазарту және тарату пункттерінің құрылысы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бұл ауыл тұрғындарын ауыз сумен 100% қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Әбдіғапархан ауылының таяуда «Алкогольсіз ауыл» мәртебесін иеленгенін де еске сала кетейік.
Ел алдындағы есеп берулер көрінісінің бір сипаты осындай. Қала әкімінің қала халқымен қорытынды есептік – кездесуі алдағы 14 желтоқсан күні сағат 11:00-деАрқалық қазақ жасөспірімдер театры ғимаратында өтпек.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ