Арқалық қаласындағы А.Құнанбаев мектеп-гимназиясы еліміздегі «Тірек мектептердің» қатарына енді

Арқалық қаласындағы А.Құнанбаев мектеп-гимназиясы еліміздегі «Тірек мектептердің» қатарына енді

Заманауи жабдықталған білім ошағында оқушылар отыратын парта мен орындықтарға дейін жаңа үлгіде жаңартылған. Талапқа сай жүйелі түрде қамтылған кабинеттер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Мысалы, бастауыш сыныптарға арналған оқу бөлмелері: көктем, жаз, күз, қыс яғни, жылдың төрт мезгілі бейнеленіп жасалған. Әр қабаттың дәліздерінде «Демалыс аймақтары» орын тепкен. Ақын жазушылардың барлық еңбектерін таныса алады.

   «Қазақстан бойынша 62 тірек мектептің қатарына еніп жатқанымызға қуаныштымыз. Мектебіміздің барлық кабинеттері көрнекі құралдармен, білім беруге қажетті техникалық мүмкіндіктермен толықтай жабдықталды. «Тірек мектеп» болғаннан кейін ауыл мектептеріне көмектесіп, өзара тығыз қарым-қатынаста бірлескен жұмыс жасаймыз. Қазір біз Астана қаласындағы «Назарбаев интелектуалдық мектебімен» шығармашылық байланысқа шығып, ынтымақтаса жұмыс жүргізіп отырмыз. Әлемге танылған озық тәжірибелі оқу ордасы біздің ұстаздарымызғаарнайы семинарлар өткізіп, заманауи құрал – жабдықтармен жұмыс істеудің жолдарын оқытуда», – дейді тірек мектептің директоры Қарлығаш Қозбағарова.

Тірек мектепте 982 оқушы білім алады. Мектеп алды даярлық тобында 86 тәрбиеленуші, сонымен қатар шағын орталықта 45 бала тәрбиеленуде. Білім беру саласында 86 мұғалім, 14 тәрбиеші жұмыс істейді. Білім сапасының көрсеткіші 52%-ды құрайды.

Білім ордасы 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен. Өткен жылы мектептің айналысы көрнекті темір қоршаумен қоршалып, ауласына өрнекті төсемтас төселді.

Игілікті іс-шара «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту мақсатында жүзеге асырылып отыр. Жабдықтаушысы -«Qazaq Contract» ЖШС. Игерілген қаражат көлемі 250 млн теңгені құрайды.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген автор

Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу