Арқалық маңындағы ауыл алкогольден бас тартты

Арқалық маңындағы ауыл алкогольден бас тартты

Арқалық қаласына қарасты Әбідғаппар хан ауылы «алкогольсіз ауыл» мәртебесіне ие болды.

«Алкогольсіз ауыл» жобасы Қостанай облыстық полиция департаментінің нұсқамасына сәйкес қолға алынған.  Аталған жоба аясында Әбідғаппар хан ауылында арнайы жиын өтіп, осындай ұйғарым шығарылды.

Жиынға полиция қызметкерлері, ауыл әкімінің аппараты, бiлiм бөлiмiнің мамандары, ауыл имамы, ардагерлер және осы елді мекеннің тұрғындары қатысты. Ауылдарды аралап, арнайы жиын өткізіп, игі бастаманы қолданысқа енгізудің басы-қасында жүрген азамат, Арқалық қалалық полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы, полиция майоры Нұрбол Асқаров мәлімдегендей, полиция басқармасының сараптамасына сәйкес, соңғы үш жыл көлемінде қылмыс тіркелмеген. Алкогольді ішімдік ішу салдарынан тәртіп бұзу деректері есепке алынбаған.

Осыған орай, жиында ауылда алкогольді сусындарды сатпау жөнінде бастама көтеріліп, көпшіліктің талқысына түсті. Нәтижесінде, ауыл тұрғындары бір адамдай қолдау білдіріп, Әбдіғаппар хан ауылы облыс бойынша алғашқылардың бірі болып «алкогольсіз ауыл» атанды.

«Бұл өте жақсы бастама. Ауылымыздың тұрғындары спиртті ішімдіктерді қолданбау туралы мәселені бір ауыздан қолдады. Енді ауылымызда алкогольді ішімдіктер мүлде сатылмайды. Отырыс, басқосу, жиын-тойларымыз да спиртті ішімдіксіз өтетін болды. Біз осындай ізгі істерімізбен жас ұрпаққа жақсы тәлім-тәрбие береміз деген ойдамыз. Жаман әдеттерден аулақ болу – жақсылықтың нышаны. Аса қуаныштымыз. Игі бастама өзге де ауылдарға жұғысты болсын», – дейді ауыл әкімі Мереке Жұмабекұлы.

Хан ауылының 56 үй, 276 тұрғыны бар. Негізгі кәсіп көзі – мал шаруашылығы. Ауылда 16 шаруа қожалығы осы бағытта іс өрбітіп отыр.

Мұрат Жүнісұлы

Жаңалықтармен бөлісу