Облыстық әлеуметтік даму басқармасының тапсырысы бойынша мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында байқау өткізіліп, оны «Рассвет» радиосы 2,5 млн теңгеге ұтып алды.
Соның арқасында Арқалық көшелерінде баған бастарына орнатылған радио қондырғылардан музыка ойнай бастады.
«Қазіргі уақытта Қостанай және Рудный, Лисаковск қалаларында, сондай-ақ Қамысты ауданында осындай радио желілері орнатылған. Радионы орнатудағы мақсат – азаматтардың көңіл-күйлерін көтеру үшін әуен беру ғана емес, халықты төтенше жағдайлар, салық және басқа да өзгерістер туралы дер кезінде құлақтандыру. Сонымен қатар, келешекте жеке және заңды тұлғалардан радиохабарландырулар берілуі мүмкін», – дейді Арқалық қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Маратұлы.
Радио нүктелері Арқалық қаласындағы «Наурыз алаңы», «Жастар саябағы», «Ардагерлер саябағы», «Гаухар»базары, «Демалыс саябағы» аумақтарына қойылған. Ұзын саны 38 қондырғы орнатылатын желінің жалпы ұзындығы 4 шақырымды құрайды. Радио күнделікті таңертеңгі сағат 9:00-ден кешкі сағат 21:00-ге дейін жұмыс істейді.
Қала тұрғындарының өтініші бойынша радиоқондырғылары қалаған жерге орнатылып, бағытын өзгерте алады. Эфирге берілетін музыканың мазмұны да азаматтардың өтініші бойынша өзгеруі мүмкін. Мәселен, қала тұрғындары музыканың мемлекеттік тілде көбірек болуын қалайды.
«Қаламыз жыл сайын көркейіп келеді. Үйлер жөнделіп, сырты боялып біраз реңі кіріп қалды. Міне, енді радио қосылып жатыр. Радио – біз сияқты үлкен кісілердің жанына жақын. Бала кезімізден тыңдап өстік. Радиодан берілген жақсы әуендер адам жанын сергітеді. Осындай игі істердің жүзеге асып жатқанына өте қуаныштымыз. Ел қамын ойлаған азаматтарға алғысымызды білдіреміз», –дейді қала тұрғыны Бақыткүл Бекжігітова.
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы