Арқалықта ардагерлер Наурыз мейрамының құрметіне тастаяқтан жарыс өткізді. «Белсенді ұзақ өмір» орталығында өткен жарыстың салтанатты ашылуында қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Түбекбай Әубәкіров құттықтау сөз сөйлеп, ойыншыларға сәттілік тіледі.
Ұйым басшысының айтуынша, қалада қарттарға деген қамқорлық жоғары. Ардагерлер жұмысын қаржыландыру жыл сайын артып келеді.
Жоспарлы және жоспардан тыс іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады. Мемлекеттік тапсырыстың сыртында демеушілік көмектің көздері де кеңейе түсуде. Спорттық жабдықтар алынуда.
Жарысқа 20 ардагер қатысып, 4 топта сынға түсті. Ойыншылардың қарсыластары жеребе тарту арқылы анықталды.
«Жылда дәстүр бойынша әрбір мерекені ұйымшылдықпен атап өтеміз. Ардагерлердің белсенділігі мен жарысқа деген қызығушылығы айрықша. Бәрі де үйірмеге үзбей келіп жүрген зейнеткерлер. Бізге қала әкімдігінің, қалалық Ардагерлер ұйымының, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жасап отырған қамқорлығы ерекше. Міне, соның бір айғағы, ардагерлер арасында биллиярдтан біріншілік өткізудеміз. Қаламызда жақсы жаңалықтар көбейіп жатыр. Игілікті істердің жемісін ел болып көре берейік», – дейді жарыстың жүргізушісі, ардагер Ботабай Шаимов.
Тартысты ойын нәтижесінде жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы