Ашаршылық ақиқаты

Өткеннен сабақ алмай, келешектің кемелденбейтіні кәміл. Тарихқа көз жүгіртсек, ел басынан талай нәубеттер өтті. Соның бірі – айдың күннің аманында дүйім елді жайлаған ашаршылық. Біз осы орайда белгілі өлкетанушы, тарихшы, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдаұлын әңгімеге тартқан едік.
– Шөптібай Байділдаұлы, өткен ғасырдың басындағы ел басына түскен ауыр нәубет ашаршылықтың орын алғанына 90 жыл артта қалып отыр. Сол бір зұлмат жылдар жөнінде не білгеніңіз бар? Естіген- түйгендеріңіз болса тоқталсаңыз…
– Бұл енді қазақ халқына келген теңдессіз қасірет қой. Бұл – біріншіден қолдан жасалған қасірет. Кеңес үкіметі басшыларының халыққа жасаған қастандықтарының бір түрі. Ауқатты байлардың малын түгел тартып алды. Зорлап-күштеп ата-қонысынан көшірді. "Жазықсыз жәбір-ленген байлар ақадал малымызды үкіметке бермейміз деп қолдан қырып тастады" деп көнекөз қариялардың айтқанын талай өз құлағымызбен естідік.
Халықтың тоз-тоз боп бетімен бытырап кеткеннен кейін басының қосылуы қиын. Әкелеріміз айтатын "Кешегі 32 жылғы ашаршылықта халық қайда барарын білмеді" – деп. Мысалы, мына біздің Жыланшық аймағы төрт бағытқа қарай үдере көшкен. Бір бөлігі Қарсақбай арқылы Сарыкеңгір, Қаракеңгір одан әрі Ащыкөл, Тұщыкөл, Сарысудың бойыменен Бетпақтың шөлін кесіп өтіп, оңтүстікке қарай тартқан. Бір бөлігі Аралға қарай кетіп, Қызылорда жаққа өтіпті. Енді бір бөлігі Қостанайға, бір бөлігі Ақтөбе бағытына ағылған. Аманкелді ауданынан кетіп бара жатқан бір топ анау Қарсақбайға барған. Онда өндіріс орны бар. Бірақ, кенішке артық адамды кіргізбейді. Келе жатқан топтың алдынан милиция қарсы шығады. Аш адамдар "болса да өлеміз" деп оларға өре түрегелген. Бұл оқиға тарихта "Лақ көтерілісі" деп аталады.
– Бастарына белгі қойылған ба?
– Елжанды азамат Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау жақта әкім болып жүргенде солардың барлығын зерттеп, басына ескерткіш белгілер қойды.
Ұлытаудан шығып Жезқазғанға бет алсақ күре жолдың бойында Күмісбұлақ деген жердегі қоршаудың ішінде көп адамның сүйегі жатыр. Бұлар да біздің елден кетіп бара жатқан адамдар. Шұбырындыда әупірімдеп бұлаққа жетіп түнеген. Ертеңгісінде бір адам тірі қалмаған. Әбден аштық титықтатып, шұбырындылық күшіне түсіп кеткендіктен тобымен ажал құшқан.
– Аштықта адал-арам деп таңдауға мұрша болмаған ғой…
– Әрине, Көкалат ауылындағы Нәрікбай деген аңшы кісі Айырқұм жағында үйден шыға алмай жалғыз қалып қойған. Тамақ жоқ, ауру, аш. Жүруге шамасы келмейді. Содан қасқыр келіп адамның жатқанын біліп, есік-терезені тырнай бастайды. Мылтықта жалғыз оқ қалған. Содан "нартәуекел" деп есікті ашып қойып, қасқыр ішке енгенде атып алған. Сөйтіп, қасқырды сойып, етін жеп аман қалыпты.
– "Өлмегенге өлі балық" деген. Жұт болғанда аңның өзі таптырмапты ғой…
– Ол уақта "Өзенде жүрген балықты қармақ істеп аулап жейтін бір сүйем сым жоқ" – дейді. Өзенде балық жүреді, оны аулап ала алмайды. Аң сиреп кеткен. Тіпті, әншейінде толып жүретін зорман, саршұнақтардың өзі таптырмапты.
– Халық аман қалу үшін қандай амалдарға барған?
– Ұрпақты сақтап қалудың түрлі жолдарын қарастырған. Мысалы, Жыланшықтағы халық ашаршылық кезінде екі топқа бөлінген. Менің әкемнің әкесі Омар деген атамыз марқұм елге беделді кісі болса керек "Екі топқа бөлемін. Бір үйде екі бала болса екі топқа бөліп қосамын. Тірі болсаңдар іздеп табарсыңдар отандарыңды. Ал, егер бәрің бір бетке кетсеңдер түгел қырылып қаласыңдар" – деп екі топқа бөлген. Сейітқасым, Саржан, Әміржан, Сәлім, Ислам деген ағаларымыз оңтүстікке қарай ауған. Әкемнің әкесі бір топты бастап Жыланшық бойымен батыс жағына Ақкөлге қарай кеткен. Әкем кіре тартқан адам. Жолды біледі. Ана кісілер Қарсақбайға барған. Онда барған соң Сейітқасым Тұрсынбек деген үш жасар баласын, Оспан деген атамыз Сәлім, Әміржан деген екі баласын балалар үйіне тапсырған. Онда тапсырылған балалар бірінен-біріне көшіп, Жамбылға барып, одан әскерге алынады. Ағайынды бесеуі де соғысқа кетіп, бесеуінен соңғы екеуі ғана елге оралып, үшеуі оралмай Москваның түбінде қалған. Сол кісілер елге оралып, алды тоқсанға келіп дүние салды. Сол Сейітқасым бара жат-қанда жаңағыдай баласын балалар үйіне өткізеді. Жолда әйелі өледі. Саржан деген тоғыз жасар баласымен Ташкентке өтіп кетеді. Өзбекстанға барған жерде бала "Асханаға кіріп шығам" деп болмай ішке еніп кетеді. Әкесі күтіп ағаштың көлеңкесінде қалады. Бала кешігіп, келмегесін іздей бастайды. Артынан білсе, әлгінің жертөлесі "тол-ған аш-арық" – дейді. Баланы жеп қойған. Сөйтіп екеуі де әйел мен баладан айрылып, елге соқа бастары ғана оралды.
Менің өзімнің әкем, манағы атам бастаған топ Ақкөлден әрі қарай Ырғыз барады. Әкем айтады "Мамырға барғанда күйіміз жаман емес еді" дейді. Менде әкемнің өз аузымен айтқан үнбаяны сақтаулы. Әкем 1893 жылы өмірге келген. 1973 жылы дүние салды. "Ортамызда бір қара нар болды. Нар қысы-жазы саудыра береді. Жатқанда бәріміз нарды қоршап жатамыз" – дейді. Аш адамдардың арасында "Іш сүзегі" деген індет пайда болады. Әкемнің Жанділда деген ағасы болды, алты ағайынды, соның бесеуі, атамыз шейіт болып, жалпы осы топтағы отыз бес отбасыдан үш-ақ адам тірі қалады. Бұл жалғыз біздің әулеттің басына түсіп отырған нәубет емес. Жалпы халықтың басына түскен нәубет. Әулеттердің тұқымы құрып кетті. Әкемнің әкесімен бірге туған Жанділда атамызбен менің әкем, әкемнің Жанұзақ деген жеті жасар інісі ғана тірі қалды.
"Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі" деген. Адамдар күніне екеу-үшеуден өліп жатыр. Шекпенге салып сүйретіп, құмға апарып әлім келгенше жер қазып, бетін жаба бердім. Амал қанша, барлығын түгел қырып алып, қара нарды жетектеп Сужарғанға қайтып келдік" –дейді әкем.
– Қазір дамыған заман. Сол жерлерге жолыңыз түсті ме?
– Түсті. Мамыр деген жер жақсы жер. Мен екі-үш рет барып, аталарымның сүйегін іздедім. Сонда үлкен кісілер айтты "Осы жаққа Торғай жақтан ауып келген адамдар болған. Келгеннен кейін қырылған. Сол жерге мектеп салды. Бұл жерге салмаңдар, құмның асты толған адамның сүйегі деп айтып едік, болмай экскаватормен қазып салды. Балалар мектептен ойнап, жүгіріп шыққанда аяқтарына ілігіп адамның басы, сүйегі шашылып шыға береді дейді. Жинап алып әр жағындағы қорымға апарып жерледік қапшықпен, – деп үлкен адам соғыстан кейін мектепте мұғалім болып жұмыс істеген екен, сол кісіге жолықтым барып.
– Аштықтан құтылу үшін елде қандай қарекеттер жасалған?
– Аманкелдіде Сәбитбек деген кісі аш балалардың қоғамын құрған. Аманкелді ауданының Үрпек ауылында Торғай өзені тұр. Жоғарғы Кеңестің депутаты Сыздықов Сейілхан деген кісі айтатын: "Баяғы ашаршылық кезінде екі татар жігіті келіп, балықты аулап, кептіріп, диір-менге ұн ғып тартып, халықты аман сақтап қалды" деп.
Кешегі Ленинградта блокада болған кезде ағаштың үгіндісін ұн қылып, тоқсан проценті "опилка", он проценті ұн қосып тамақ қып береді екен. Асқазан бос болмауы керек. Шек біріне бірі жабысып қалады. Галина Константиновна деген ғылым докторының аузынан естідік. Лайық Әбенұлы деген партия мектебі деканының жұбайы. Сол кезде сегіз-тоғыз жасар бала екен. Халықтың қолында күш-қуаты болмаса, жиғантергенінен айрылса қалай күн көреді? Киіз үйлер тігулі қалпында қалған. Шешем айтады "Әйелдер жас балаларын көтеріп алып жүруге шамасы келмей, баласын тобылғыға байлап кеткен әйелдер болды" – дейді. Өтіп бара жатқанда баласын қара суға лақтырып жіберген әйелдер де болыпты. Бірақ, кейін елге тірі оралғанда солардың көбісі құрсақ көтермей қойған. Қаншама қасіретті бастан кешті. Адамды адам жеген замандар болды. Әлшорин Шіменбай ағамыз айтатын: "Үш жігіт кетіп бара жатып кемпірдің қолындағы қатқан нанын ала қашқан. Кемпір ойбайлап соңдарынан жүгіреді. Жете алмайды. Ана жігіт қатқан нанды бір тістеп екіншісіне лақтырады. Ол қағып алып үшіншіге лақтырады. Сөйтіп қақпақылдап кемпір зарлап отырды да қалды, аналар алып кетіп отырды" – дейді.
– "Байлар дүнияларын жерге көмді. Алтын-күмістерін жерге жасырып, тығып кетті" – деген сөз бар…
– "Алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен" деп бекер айтпаған ғой. Алтынды астыққа айырбастай алмайтын заман болды сол кезде. Халық қараусыз қалды. "Пақырға ақыл берме, бақыр бер" – дейді. Өзенде отырған адамға ақыл бергеннен гөрі, қолына қармақ беру керек. Мемлекеттің жоғары жақтың деңгейінің ықыласы сондай болса, халықты қыру мақсаты болса, әрине қырылмай қайтеді?… Қазір тіпті кейбіреулер "ашаршылық болған жоқ" – деп соғады. Бұл тарихты білмегендік. Қалай болмаған, төрт миллион халық қырылып қалса?… Осыны тарихшылар зерттеп жазу керек. Қазір айтып беретін адам да қалмады. Ата-бабасының тарихын білетін адам жоқтың қасы.
– Аға, біраз мағлұматтармен бөлістіңіз, енді сөздің түйініне келсек…
– "31 мамыр – ашаршылық және қуғынсүргін құрбандарын еске алу күні" деп жатыр. "Ашаршылық күні" Қазақстан бойынша аталып өтуі керек. Бір күнді белгілеп, ел бойынша "Қаралы күн" деп жариялап, мемлекеттің бүкіл жалауын түсіру керек сол күні. Қаралы күн, азалы күн бекітіп, аштық құрбандарын лайықты еске алуымыз парыз.
Қаншама халықтың қаны кетті. Неге сол күні құран оқытылмайды? Халықтың басына түскен трагедияны неге айтпасқа? Әрбір елді мекендерде ауылда, ауданда, қалада ашаршылықтан өлген адамдардың тізімін жасап, олардың есімдерін тарихта қалдыру керек. Көмусіз қалған халықтың әруағы разы болсын. Бұл шара – елдің елдігі үшін, тарихты құрметтеу үшін керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Мұрат
 ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓