Өмірдің кейбір тұстары

Бұл сарыторғайлық құдамыз Салих Жұмабекұлының аштық жылдарынан айтқан бір әңгімесі еді. Бүгін еске алып, сол бір зұлмат заман қасіреті енді болмаса екен деп тілеймін.
1933 жылдың қысы… Ақпан айы басталғаннан бері – түтеген ақ боран. Оның үстіне былтыр басталған аштық та күннен-күнге қысып, әбден титықтаған кез. "Жұт – жеті ағайынды" деген осы шығар?! Сарыторғай бойында қыс та қатты болып тұр. Ол кезде осы күнгідей қаптаған, жағалай ел жоқ. Әр жерде, өзекше-иірімдерді паналап, шаруа баққандар отырады. Ерте күзде бірен-саран қам жасағандар жиған-тергендерін қалжалап, өйтіп-бүйтіп күн көріп жатқан. Ал он беске жаңа ғана шыққан бозбала – менің жағдайым күннен-күнге нашарлап барады. Үй-күй жоқ, әке-шешем қайтыс болған. Үйде қалған ескі тулақтарды қазанға салып, қайнатып, жеп болғанмын. Енді үйде ауызға салар ештеңе жоқ. Өкіметтен ешбір қайыр болмай тұр. Мал біткен.
Сенесіз бе..? Бойды алған аштықтан ісініп бара жатқанымды байқаймын. Сонда да болса, өлмешінің күнін көріп, Торғай өзені жағасындағы талжыныстардың арасына барып, екі зорман қақпаным бар, "әйтеуір бірдеңе түсер" деген үмітпен, соларымды жаямын. Таңертең-кешке – күніне екі рет барып қараймын. Ой, Алла-ай, қырсыққанда ештеңе түспейді ғой?!
Бір күні күн көтеріле, сүйретіліп, қақпандарыма барсам – біріншісі "шауып кетіпті". Үмітім үзіліп, сонда да болса, ілбіп екіншісіне жақындасам – "бірдеңе" болар-болмас "шарылдайды". Құданың құдіреті! Қақпанға артқы аяғынан бір қоян түсіп жатыр! Мен жақындаған сайын бишара "шар-шар" етеді. Қақпанды шынжырымен жұлқып жатыр. Ұстатсайшы маған?! Еңкейе алмаймын… Әл жоқ!… Қақпандағы қоян тыпырлап ұстатпаған соң, қазықтың түбінен бастап, шынжырдың бойымен екі аяғыммен басып, қоянға қарай жылжи бастадым. Мен жақындаған сайын бұлқынып, "шажылдау" көбейді. Бір кезде қақпанымен қосып, қоянды да үстінен бастым-ау! Енді қақпанның серіппесін баса алсамшы. Әлім келмейді. Үстімде тері-жүн күпі. Ісініп кеткендіктен… еңкейе алмаймын… Сипалап жүріп, қалтамдағы бәкімді алдым. Жүзін ашайын десем – саусақтарымның әлі келмейді. Амал жоқ, шаппамның жүзін аузыма-тісіме салдым. Тырнақ iлiктiретiн кішкентай ойығынан тісіммен тістеп, тілі шамалы ашылғанда ұшы жағына сұқ саусағымды салып, бір шамалыдан кейін, әрең-мәрең деп, жүзін аштым-ау?! Сол басып тұрған бетімде қақпандағы қоянның үстіне отыра кеттім. Сөйттім де, қиылғалы тұрған жерінен қақпанға түскен артқы аяғын кесіп алып, қанын ағыза, аузыма салдым…
Сорып жатырмын, балжандап сорып жатырмын… Жоқ манағыдай емес, ой, ғажап-ай, ептеп бойыма әл бітейін деді. Содан әлден уақытта барып, қоянды алып, қақпандарымды қайта жайып, жаман көңіме қайттым. Дәл сол күні анау қоян қақпаныма түспегенде, өмірім әлдеқалай болар ма еді? Оны бір Құдай білсін?! Әні, "Өлмешіге өлі балық жолығады" деген рас шығар?
Бұл сол бір күндердің бір ғана көрінісі еді. Жанды ауыртар жағдайлар көп болған ғой. Құдайым, ондай күнді ендігәрі тірі пенденің басына салмасын деп тілеймін.
Естігені бойынша жазып алған зейнеткер
Әбдiқадыр Әбілтаев.
Қостанай қаласы.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

↓